Елордалық полицейлерге үш ғимарат керек
Астаналық ішкі істер департаментіне үш ғимарат керек. Сол үшін Ramada Plaza қонақ үйіне көшірілмек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан соң Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлімдеді.
«Бұл мәселе қазір талқылану үстінде. Нақты шешім қабылданған жоқ. Бірнеше ұсыныс бар. Қонақ үйге қатысты айтар болсам, ол нысан бұдан бұрын саудаға шығарылған болатын. Бірақ ешкім сатып алмады. Ал ішкі істер департаментіне үш ғимарат керек. Сол үшін барлығын бір жерге біріктіру үшін осы қонақ үйді алу жағы қарастырылуда», деді министр.
Айта кетейік, бұдан бұрын Елбасы Астанадағы қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін елордалық ІІД-не үлкенірек ғимарат қажеттігін айтқан болатын. Артынша, ақпарат құралдарында бас қаладағы ішкі істер департаментінің Ramada Plaza қонақ үйіне көшетіні туралы мәлімет шықты.