50 пәтерге — 50 дәретхана
Бұл әлдебір акция емес, Қызылорданың бүгінгі келбеті. Облыс орталығындағы көп қабатты үйлердің бірі өркениеттен жұрдай. Күйі кеткен көріністі Астананың айналасынан да таба аласыз. Елорданың іргесіндегі Фарфоровый ауылында да көпқабатты ғимараттар дәретхананың ортасында қалған.
Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Фарфоровый ауылының атауын жергілікті билік Ынтымақ деп ауыстырып жатқан көрінеді. Бірақ атынан бұрын қалашықтың затын өзгертіп алған жөн сияқты. Кезінде фарфор шығарған зауыт құлдыраған соң, елдімекеннен де күй кеткен. Көпқабатты деген аты болмаса, тұрғындар от жағып, күл шығарылады. Кәріз жүйесі атымен жоқ.
Фарфоровыйда су мәселесі өте күрделі. Күніне бір мезгіл берілетін тіршілік нәріне зар болған ауыл халқы дәретхана мен күл-қоқыс арасындағы қарды ерітіп, қажетіне қолданады.
Бұл ауылда тұратындардың көбі кезінде фарфор зауытына жұмыс істегендер. Қалғаны Астанада баспана тауқыметін көріп, осы жерден арзанға үй алып, пана тапқандар. Көпқабатты үйде тұрады деген аты болмаса, ешқандай жағдай жоқ. Ғимараттың айналасы дәретхана, одан қалды пештен шыққан күл-қоқыс, кірдің суын төккен жер. «Мына жер деген өте арам. Тұрғындар күл -қоқысты қалай болса солай төгеді. Жинақылық деген жоқ. Ең болмаса алысқа төгіп, орындарын тазалап жүруді білмейді. Бәрі дәретханаларын құлыптап қояды. Түн ортасында да осы жерге шығамыз. Жақында әкім келіп жиналыс өткізеді деген, сонда осы мәселені талқылайды», деп Фарфоровый тұрғыны Махуза Сапи апай 8-сәуірде өтетін жиыннан үлкен үміт күтіп отыр.
Астана іргесінде жатқанымен бәрінен де бөлініп қалған елдімекен Максимовка округіне қарайды. Мән-жайды білмек болдық. Әкімі ауданға кетіп қалыпты, бас маманы жауап берді. Көп кешікпей бұл ауылға мемлекеттік бағдарламамен су тартылады деп сендірді. Жер қарайған соң күл-қоқысты тазарту жұмыстарын ұйымдастыру жоспарланған. «Тұрғындарымен жиналыс өткізіп, алдымен елдімекеннің айналасын тазарту жайын келісіп аламыз. Егер тұрғындар атсалысатын болса, әкімдік тарапынан техника бөлеміз. Бұдан соң 2018 жылдан қалмай бұл ауылға фельдшерлік пункт салып, мемлекеттік бағдарлама аясында су құбырын тартуды қолға алудамыз. Қазір жобалық сметалық құжаттары дайындалуда» дейді Максимовка ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Азат Ибраимов.
Фарфоровыйдан Ынтымақ атауына ауысқан шағын ауылда әзірге қолға алынған ынтымақты іс осы. Жылу мен кәріз жүйесі салынбаса да, ауыз су тартылып, халықтың бір бейнеті азаяды. Ал Қызылорда қаласындағы Бауыржан Момышұлының есімін иеленген көше тұрғындары жергілікті биліктен қайран болмаған соң, Президент әкімшілігіне дейін хат жолдапты.
1980 жылдары іргетасы қаланған жатақхана типіндегі ғимарат бүгінде ешқандай мекеменің балансында жоқ. Бірақ 50-ге тарта отбасы мекендеп отыр. Иесіз қалған нысан орталық жылу мен кәріз жүйесінен ажыратылған. Суға да зәру. Шарасыз тұрғындар көпқабатты үйдің ауласындағы ойын алаңын дәретхана орталығына айналдырған. «Елу пәтерге елу туалет, арасында душтары да бар. Есік-тереземізді ашып алмаймыз. Балаларымызға да қиын ойнайтын жер жоқ. Дәретханалардың айналасы опырылған шұңқырлар, балалар түсіп кетеме деп уайыммен отырамыз» деп ашынған Лаура Досқожаева ешқандай мекеменің меншігіне жатпайтын ғимаратқа көңіл бөлуге ешкім асығар емес деп қынжылады.
Президент әкімшілігіне жеткен жағдайдан Қырымбек Көшірбаевтың аппараты хабардар ма, жоқ па, ол жағы беймәлім. Бірақ, қала басшылығы бұл жатақжананың жырын біледі екен. Айтқан жауабы мынау. Асылбек Шәменов, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары: «Үш-төрт күн бұрын өзім барып сол тұрғындармен кездесіп, жалпы санитарлық жағдайға байланысты түсіндірме жүргізгенмін. Әрі қарай да мұндай жұмыстарды жалғастырып, модернизациялау бағдарламасына қосуды көздеп отырмыз. Ол үшін алдымен жобалық сметалық құжаттарын дайындазу қажет» дейді ол. Алайда, осы жатақхананың байырғы тұрғыны Ақкенже Еспенбетова осыдан бірнеше жыл бұрын да жаңғыру бағдарламасын жүзеге асырамыз деп бәрімізге қол қойдырған, бірақ одан нәтиже жоқ деп отыр. Тіпті «тұрғындардың келісім берген құжатын әкімдікке өзім апартып тапсырып едім. Енді осы бағдарламаны қайтадан түсіндіруді желеу етіп, тағы созып жатыр» дейді.
Қызылордалықтар да, фарфоровыйлықтарда алдағы күннен бір жақсылықты күтеді. Сенім артып, дауыс берген Парламент депутаттары да үн қатар деген үміті бар. Ал әзірге тұрғындар даладағы дәретханаларына кілттеп, күтіп ұстап, күн көруге мәжбүр.