Басты жаңалықтарҚоғам

1 қаңтардан бастап зейнеткерлер автобуста тегін жүреді

Көкшетаудың билігі осындай бастаманы қолға алыпты. Қала  әкімдігінің 2019 жылғы 28 тамыздағы қаулысына және Көкшетау  мәслихатының 2019 жылғы 28 тамыздағы шешіміне толықтырулар енгізіліп жатыр. Осы құжат аясында  зейнеткерлерге жеңілдік жасау мәселесі шешімін тауып отыр.

«МЗТО мәліметтері бойынша Көкшетау қаласында 29 477 тұрғын зейнеткер мәртебесіне ие. Көкшетау қаласының әкімдігі мен тасымалдаушылар арасындағы меморандумға сәйкес бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жеңілдікті карталар жасалғанға дейін үш ай бойы зейнеткерлер санатын тасымалдау тегін жүзеге асырылатын болады», — деп түсіндірді ТКШ бөлімінің бастығы
Ә. Рахымжанов.

Жеңілдік картасын алу үшін 3 ай ішінде тұрғындар алдын ала Көкшетау қаласының Шалқар көшесі, 9а мекен-жайы бойынша Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгініп, тұрғынның зейнеткер, сонымен қатар Көкшетау қаласында тіркелгені туралы анықтама алуы қажет.

Алынған анықтамамен «KoksheBusTolem» ЖШС-не Б. Әшімов көшесі, 243 мекен-жайына бару қажет, өйткені бұл ұйым электронды билеттеу жүйесінің операторы болып табылады.

Күніне 300 анықтама беріліп жатыр.

Қосымша, әлеуметтік қызметкерлер мен қаланың волонтерлары мекенжайды және зейнеткерлік жасты растайтын анықтамалар беру үшін көшпелі жұмыстарды ұйымдастырады. Бұл процедура зейнеткерлік жасындағы адамдардың көпшілігін қамтып, тиімді жұмыс істеуге және жол жүру карталарын алуға мүмкіндік береді.

Анықтама алғаннан кейін, зейнеткерлік жастағы азаматтар жол жүру карталарын алу үшін Еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне бармай-ақ, «Kokshe Bus Tөlem» пунктіне тікелей бара алады.

А.Нәби

Басқа материалдар

Back to top button