Мейіржан Төребаевтың түрмеден шыққаны рас па?
Атақты вайнер Мейіржан Төребаев түрмеден шықты! Балаларымен қауышқан видеосын оның келіншегі әлеуметтік желіге жүктеді. Бұл туралы «Евразия» арнасы көрсетті.
Әсерлі әнмен әрленген кадрдан Мейіржанның бес баласын мейірлене сүйіп, өз үйінде бақытты отырғанын көруге болады. Перзенттері қатты сағынғаны сонша, бірінен соң бірі сұрақ астына алып жатыр деді келіншегі. Ең бастысы жалғыз анасының жүрегі тыныш деп жазды. Сөйтсе, бес жылға сотталған вайнер анасының денсаулығына байланысты қысқа мерзімді демалыс алыпты. Заңға сәйкес 27 мамырға дейін ол Алматыда жақындарымен болмақ.
«Қылмыстық-атқару заңнамасына сәйкес, қауіпсіздігі ең төмен мекемелерде жазасын өтеушілер жеті тәуліктен аспайтын мерзімге оның шегінен тыс жерде жүруге қажетті уақытты есептемегенде, мекеме әкімшілігіне жүгінуге құқылы. Осының негізінде М.Төребаевқа мекемеден тысқары шығуға, яғни анасының сырқатына байланысты қысқа мерзімді демалысқа шығуға рұқсат берілді», дейді Павлодар облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы.
Айта кетейік, Мейіржан Төребаев өткен жылдың маусым айында сот шешімімен бес жылға қамауға алынды. Ол әлеуметтік желіде қаржы пирамидасын жарнамалағаны үшін айыпталған-тұғын. Сөйтіп жазасын Павлодар облысындағы қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі ең төменгі мекемесінде өтеп жатыр.
А. Нәби
ФОТО: Ашық дереккөз