Алты елдің арасындағы оқу-жаттығу
«Шексіз бауырластық-III» оқу-жаттығуы аясында алты елдің әскери контингенттері арнайы операцияға дайындалуда. Түркістан облысында Әзербайжан, Қазақстан, Катар, Пәкістан, Түркия және Өзбекстан арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің көпұлтты оқу-жаттығуына қатысушылар жауынгерлік міндеттерді зерделеуге кірісті.
Таудағы «Орда» полигонының оқу орындарында арнайы жасақтар тактикалық-атыс, мергендік сайыс, парашюттен секіру және тау дайындығы бойынша практикалық жаттығулар орындайды.
Мұндағы барлық әскери қызметшілер жараланған адамға медициналық көмек көрсету тәсілдерін меңгерген, байланыс құралдарын қолдана алады және кез келген қаруды үздік меңгерген.
Көпұлтты топтар құрамында жауынгерлік жұмыстарда болу әскери қызметшілерге шетелдік әріптестер қолданатын тактикалық әдістерді меңгеруге мүмкіндік береді.
Оқу-жаттығуға қатысушылардың алдында шартты түрде елді мекенде заңсыз қарулы топтың жолын жауып, көзін жою міндеті қойылды. Оны орындау кезінде топтардың ұрыс жағдайына мүмкіндігінше жақын жағдайларда үйлесімді және тиімді әрекет ету қабілеті тексеріледі.
Оқу-жаттығуға қатысушылардың пікірінше, мұндай іс-шаралар контингенттердің жауынгерлік үйлесімді жұмыс деңгейін арттыруға ықпал етеді және өңірде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірлесіп іс-қимылдар жасау үшін мүмкіндік береді.
А.Орынғали