Басты жаңалықтарҚоғам
Латынға көшу туралы игі жақсылар не дейді?
Латын әліпбиіне өтуіміз керек – ол анық дүние. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Біз ол арқылы түркі тілдес халықтарға бір қадам жақындаймыз. Түркі халықтарының мәдениеті, сөздік құрамы латын әліпбиінде жазылғандықтан, оларды зерттеу де оңайға түседі. Түп негізінде латын әліпбиіне көшу – түркі тілдес бауырлармен толық ынтымақтастық орнатумен тең. Негізі бұрын біз де латын әліпбиінде жазып, оқығанбыз. Сол кезде жазылған қаншама жәдігерлер зерттелмей немесе аударманың арқасында өз құндылығын жоғалтып алды емес пе?! Мәңгі ел боламыз десек, онда біз мәңгі қалатын тілімізді, әліпбиімізді жасауымыз керек. Бұл жұмысты өте мұқият және қоғаммен санаса отырып жүргізсек, жақын арада нәтижесіне жетеміз деп ойлаймын. Серік ҚИРАБАЕВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҰҒА академигі Мен негізі 1940-жылдарда латын әліпбиінде оқып, білім ала бастаған жандардың бірімін. Сол себепті оның артықшылығын көргендіктен, Елбасымыз ұсынған бастаманың қазіргі таңда қолдау тауып отырғанына ризамын. Мен өнер саласында жүргендіктен, шет мемлекеттерде көп болдым. Сол кезде көргенім, өнер туындыларының көбі латын әліпбиінде жазылған және оны аудару арқылы түпнұсқасын жоғалту қауіпі бар. Сондықтан тарихи жәдігерлерімізді, өнер туындыларымыздың түпнұсқасын сақтап, тарихи маңыздылығын жоғалтпай жеткізу үшін латын әліпбиіне өткеніміз дұрыс деп есептеймін. Сонымен қатар, біздің келешек ұрпақ ғылыми-техникалық инновация дәуірінде өмір сүруде. Ал техника тілі ағылшын емес пе? Сол үшін қазірден бастап латын әліпбиінде жазып үйренсін, дағдылансын деймін. Елбасы бастаған осы жұмысты тиянақтылықпен, жауапкершілікпен соңына жеткізу керек деп есептеймін. Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мен латын әліпбиіне көшу туралы бастаманы 1994 жылдан қолдап, қолға алғанмын. Ол жылдары мен А. Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің ректоры едім. Сол кезде, Түркия, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан және басқа да түркі тілдес елдерден студенттер мен мұғалімдер келіп тәжірибеден өтетін. Сол уақытта туындаған қиындық, біздегі бар ақпаратты олардың меңгере алмауы, ал олардың зерттеулерін біздің мамандардың түсінбеуі болды. Осы ретте, университет ішінде қолдану мақсатында қазақ латын әліпбиін ойлап таптық. Негізі ретінде 1929-1942 жылдары қолданылған латын әліпбиінің үлгісін алдық. Бұл уақытта аңғарғанымыз, түркі тілдес бауырлардан бөлек америкалықтардың өзі қазақ тілін жарты жылда толық меңгеріп алғаны. Бұдан кейін, аталған әліпбиімізді жан-жақты зерттеп, толықтырып отырдық. Ал бүгінгі таңда латын әліпбиінің бізге берері мол, мысалы: — Ағылшын тілін тез әрі қиындықсыз үйрену. Сонымен қатар, әлем жаңалықтарынан уақытында хабардар болып, көштен қалмауымызды қамтамасыз етеді. Мәселен, жапондықтар өз ана тілін өте қатты жақсы көріп, қадірлейді. Алайда, ғылыми ортадағы жаңалықтарымен ағылшын тілінде бөліседі. Ондағы мақсат, әлемді түгелдей қамту болып табылады. Өйткені ғылыми-инновация тілі ағылшын тілі екені барлығымызға мәлім; — Түркі халқымен бірігіп, ынтымақтастығымызды нығайту. Мүмкін өзбек, татар және ұйғырдың әліпбиі бөлек дерсіз, алайда негізгі 25 әріп барлығына ортақ. Сондықтан, арада болатын бірнеше әріп өзгешелігін меңгеріп алу қиындық тудырмайды. Тарихқа көз жүгіртсек, түркі тілдес елдердің мәдениеті, әдет-ғұрпы бір-біріне ұқсас болған. Осы ретте, латын әліпбиіне көше отырып, бізге беймәлім дүниелермен тыңғылықты танысуға мүмкіндік аламыз; — Ұлттық кодымызды сақтап, тіліміздің өркендеуіне жол ашамыз. Жазушы, ақын және ғалымдарымыздың шығармалары мен зерттеулерін әлем алдында терезесі тең мемлекет ретінде көрсете аламыз. Сондықтан латын әліпбиіне көшудегі қолға алынған жұмыс нәтижесін көп күттірмей береді деген ойдамын. Бұл ең алдымен, болашақ ұрпақтың игілігі үшін жасалатын игі дүние болмақ. Мұрат ЖҰРЫНОВ, Ұлттық Ғылым академиясының президенті Латын әліпбиіне көшу – Елбасымыздың алға қойған ауқымды мақсаты. Латын әліпбиі – әлемде кеңінен тараған әліпбилердің бірі. Өз бастауын ежелгі Грек және Рим елдерінен алып, бүгінгі таңға дейін жалғасып, өркендеуде. Тәуелсіз еліміздің латын әліпбиіне көшуі тегін емес, ел үшін жеке басын сипаттайтын, ешкімге еліктемей ұлттық кодымызды одан әрі нық қалыптастыру мақсатында іске асырылып отыр. Біз дара, талантты халықпыз, біздің ұлтымызға әліпбидің ауысуы қиынға соқпайтындығы баршамызға мәлім. Оның үстіне латын әліпбиіне ауысу еліміздің өз дамуын жалғастыруда зор ықпалын тигізеді. Латын әліпбиіне көшуді орынды, жұртымыздың сана-сезімін арттыратын және болашағы зор шешім деп санаймын. Шөмішбай САРИЕВ, ақын, «Платиналық Тарлан» сыйлығының иегері Мен нағыз қазақи жүрегім және болмысыммен туған елім, Қазақстаным өссе, әлемнің алпауыт мемлекеттерімен терезесі тең болса екен деймін. Сол себепті бүгінгі күні қолға алынып жатқан латын әліпбиіне өту мәселесін толығымен құптаймын. Мен өнерімнің арқасында түрлі жерлерде болдым. Сондағы көргенім барлығы дерлік латын әліпбиін қолданады екен. Ол дегеніміз – тарихы, мәдениеті, өлең-жырлары, түрлі жаңалықтары латын әліпбиінде жарық көреді деген сөз. Осы ретте, біз үшін бұл қолжазбаларды өз деңгейінде зерттеу, сонымен қатар оларға өз дүниемізді танытып, көрсетуге мүмкіндіктер жоқ екендігін түсіндім. Мысалы, әзербайжандықтар 10 жыл бұрын, өзбекстандықтар 15 жыл бұрын латын әліпбиіне өткен екен. Бұл жағынан біз кішкене кешігіп қалдық. Алайда, «Ештен кеш жақсы» дейді. Сол себепті Елбасымыздың бастамасын толық қолдаймын. Менің ойыма өнер адамдары да толығымен қосылады деп сенемін. Келешекте біздің өскелең ұрпақ бүгінгі істелген жұмыстың арқасында бәсекеге қабілетті, өз ана тілінде жазып және оқи алатын, ата-бабасының мәдениеті мен тарихын толық білетін азамат болатынына сеніммен қараймын. Алтынбек ҚОРАЗБАЕВ, Қазақстанның халық әртісі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақ тілін латын қарпіне аудару қажеттілігі туралы мәлімдеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы 2017 жылдың соңына қарай ғалымдар мен қоғам өкілдерімен өзара тығыз байланыс жасай отырып, қазақ әліпбиінің бірыңғай стандарты мен графикасын қабылдауға қажет болатындығын нақты айқындады. Ал, 2025 жылдан бастап іскерлік құжаттама, мерзімді баспасөз, оқулықтар осының бәрі енді латын қарпінде шығуы тиіс болады. Бүгінгі таңдағы әліпбиді ауыстырудың саясатқа да, басқаға да қатысы жоқ, ең басты қажеттілігін тілдің өзі талап етіп отырғанын жете түсінуіміз қажет. Қазақстанның қазақ тілін латын графикасына көшіру арқылы кең көлемді, терең деңгейлі ғаламдасу процесіне енуі ең маңызды мәселе. Латын графикасы қазіргі таңда дүниежүзі бойынша кең қолданылатын жазу жүйесі ретінде танылып отыр. Осы тұрғыдан алғанда қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі бір жағынан, қазақ тілінің әлемдік ақпараттық кеңістікке еркін енуіне, екінші жағынан, Қазақстандағы ақпараттық және коммуникативтік технологиялардың кең таралуы мен дамуына мүмкіндік береді. Латын әліпбиіне көшу – ұлт үшін қажетті мәселелердің бірі. Олай деуіміздің себебі, біріншіден, қазақтың дыбыстық жүйесін сол қалпында таңбалап бере алатын әліпбиді енгізу болса, екіншіден, сол әліпби қоғам дамуына сай одан әрі жетілдіруге ілесіп, дами алу деңгейінде ескерілетін заңдылықтарды енгізу және қазақтың ұлттық жазуын, әліпбиін тұрақтандыруға, қазақ тілдік қорды сол қалпында сақтап қалатын негізгі графиканы енгізуге бағытталады. Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Бүгінгі компьютер заманында интернет жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігін мойындар болсақ, қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Әлемдегі басқа ұлттармен бәсекеге түсуде қазақ ұлтына қажетті нәрсе жалпы зияткерлік пен әлемдік деңгейдегі білім. Ал бұларға бастар қадам жақын уақытта латын әліпбиіне көшу деп есептеймін. Латын әліпбиі жалпы түркі халықтарының ортақ түсінісетін жазуы болары сөзсіз. Кешегі Парламенттегі алқалы жиында айтылған ұтымды ойлар мен ұсыныстар жалпы еліміз үшін жасалып жатқан игі қадамдардың бірі. Өз басым латын әліпбиіне көшуге қолдау білдіремін. Алмас МҰХТАРОВ, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің бөлім басшысы Жалпы, қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесі Елбасымыздың рухани жаңғыру бағдарламасына енгізілуі бекер емес. Өйткені мұндай қадам біздің ана тіліміздің кең өріс алуына және қолайлы дамуына зор мүмкіндіктер береді. Сондай-ақ латыншаға көшу қазіргі ақпараттық технологиялар заманының талабына сай келетіндіктен, еліміздің әлемдегі ең мықты дамыған, өркениеті жоғары отыз мемлекеттің қатарына қосылуына көмегін тигізеді деп ойлаймын. Әрине, осы тіл мен ел тағдыры үшін аса маңызды істі жан-жақты ойластырып, кезең-кезеңімен жүйелі де кешенді түрде атқару қажет деп санаймын. Парламенттік тыңдауда бұл жөнінде салиқалы әңгіме өрбіді. Тиісті ұсыныстар қабылданды. Алдағы уақытта да жұмыс тобы аталған бағыттағы жобаны жүзеге асыруда қоғам үніне құлақ асады деп санаймын. Ал Елбасының тапсырмасы бойынша, қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы осылайша қызу талқыланып, көп кешіктірілмей қабылдануы тиіс. Жалпы қолданысқа енгізілу кезеңі 2025 жылға қарай деп Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясында нақты атап көрсетілгенін ескерсек, біздің тыңғылықты дайындалуымыз үшін уақытымыз жеткілікті, мүмкіндіктеріміз де аз емес. Кәрібай МҰСЫРМАН, Парламент Мәжілісінің депутаты Әлемде әр 10 адамның 8-і латын графикасын пайдаланады. Бұл – тым көп. Латынға көшу мәселесі ойдан шығарылған жоба емес. Өркениет әлеміне қадам басқанда латын әліпбиімен бірге бару – өте дұрыс қадам. Шетелде тұратын қандастарымыздың бәрі латын қарпін қолданады. Жаңа әліпби солардың бәрінің басын біріктіруге жағдай жасайды. Яғни бұл – біріктіретін процесс. Сонымен қатар, қазақ тілін өркениетке жеткізіп, оны оқып-үйренуді қаласақ, латын әліпбиіне көшкеніміз жөн. Әлбетте, бұл қадам барысында қиындықтар кездесетіні анық. Мысалы, жасы келген адамдар латынша әріп танымауы мүмкін. Жақсы дүниеге оңайлықпен қол жетпейді. Меніңше, осы бағытта кездесетін кейбір кедергілерді түйедей етіп көрсетудің қажеті жоқ. Латын әліпбиінің халқымызға, елімізге қандай пайдасы бар деген мәселе болуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда латын графикасының бізге берері мол. Латын қарпіне көшу мәселесін қоғам болып, журналистер, мемлекеттік қызметкерлер секілді әр саланың өкілдері талқыласа, онда ешқандай қиындық тумайды. Мені бұған дейін жазылған қазақ әдебиетінің, көне туындыларымыздың тағдыры толғандырған еді. Алайда компьютерлік бағдарлама арқылы оларды ұсынылған графикаға лезде ауыстыруға мүмкіндік бар екен. Мәселен, 3 секундта «Абай жолын» латыншаға айналдырып беретіні туралы айтылды. Ендеше, бұдан артық не керек?! Латын әліпбиіне ауысу – заман талабы. Дүние жүзінің 80 пайызы осы қаріп түрін таңдаған. Сондықтан, Қазақстан өркениеттен қол үзбей, сол игілікті істі тезірек жүзеге асыруы керек. Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты Бүгінгі таңда қоғамда әліпбиді ауыстыруға байланысты түрлі пікірлер айтылуда. Біреулер латын әліпбиінің оңтайлы тұстарын алға тартса, енді басқалары бұл істе асығыстық жасамайық деп сақтандырады. Мұндай пікірлердің орын алуы өте заңды. Соның арқасында көпшілік осы бір күрделі мәселеге орай өзінің көзқарасын қалыптастырады. Алайда анық болатын бір мәселе бар. Ол – қазақ тілі бүгін бе, ертең бе міндетті түрде латын әліпбиіне көшеді. Шынында да, әліпби ауыстырудың саясатқа да, басқаға да қатысы жоқ, ең басты қажеттілігін тілдің өзі талап етіп отыр. Тілдің ішкі-сыртқы жағдайы қазіргі жазудың (орфография) айтылымға (орфоэпияға) кері әсер етіп, өзге тілден кірген сөздердің салмағы арта түсіп, кірме дыбыстардың төл сөздеріміздің фонетика-грамматикалық талаптарын бұза бастауы секілді түрлі жағдайлар әліпби өзгерту мәселесін алға тартты. Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Сондықтан латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін әлдеқайда маңыздырақ. Әйгерім ЖАҢБЫРБАЙҚЫЗЫ, «Айыртау таңы» газетінің тілшісі Солтүстік Қазақстан облысы Еліміз бен балаларымыздың болашағын ойлаған адамға шын мәнінде латын әрпіне көшу қажет деп ойлаймын. Өткен ғасырдың 1929-1940 жылдары латын әрпінде болдық. Бүгінде кез келген азамат латын әліпбиін білмесе де оның ішіндегі әріптерді оқи алатынымызға сенімдімін. Орыс, ағылшын тілдерін де үйреніп, ана тіліміздей меңгеріп жатырмыз ғой. Сондықтан қиындықтар тумайды деп білемін. Жастар қазіргі 42 әріпке қарағанда 25 таңбадан тұратын латын әліпбиін тез үйреніп алады. «Не үшін латын әрпіне көшуіміз керек?», деген сұрақ төңірегінде көп ғалымдардың ой-пікірлерін оқып, таныстым. Мен де ұстаз, математика пәні мұғалімі ретінде Елбасының пікірімен толық келісемін. Дамыған 30 елдің қатарына кіруді жоспарлап отырған мемлекетіміздің солармен терезесі тең болуы үшін де бұл реформа қажет. Саяси маңыздылығы жағынан айтқанда, кириллицамен сіңіп кірген отарлық санадан арылу үшін де оның саяси маңызы зор. Екіншіден, латын жазуы қолданысқа оңай, игеруге ыңғайлы. Оған қоса жаратылыс ғылымдары жағынан да қолданыста дәлділігі мен қолайлылығын дүниежүзінің өмір тәжірибесі дәлелдеді. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатыны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер – барлығы да латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Латын графикасын қолданатын барлық елдердің әліпбиіндегі әріп саны тілдегі фонемалар санынан әлдеқайда аз болуы да оның жетістігі болып табылады. Латын әрпіне көшу − түбі бір, тарихы ортақ түркі халықтарымен жақындастыра түсетіні де маңызды факторлардың бірі. Олармен бірлесе отырып, гуманитарлық ғылыми-зерттеулерді жаңа сатыға көтеруге мүмкіндіктеріміз көбейеді. Туыстас халықтардың ынтымақтастығынан ешкім ұтылмайды. Гүлмира НҰРТАЕВА, әл-Фараби атындағы мектеп-лицейдің математика пәнінің мұғалімі
Толығырақ: https://egemen.kz/article/158238-latyngha-koeshu-turaly-igi-zhaqsylar-ne-deydi