Арыстанбек Мұхамедиұлы қаржы жымқырды деген күдікке ілінді
Қазнетте бұрынғы Мәдениет министріне қатысты түрлі ақпарат тарап, жұрт күтпеген деректер жария болды. Арыстанбек Мұхамедиұлының 1 миллиард теңгеден астам ақша бөлінген жобадағы шикілікке қатысы болуы мүмкін. Жемқорлықпен күресуші орган экс — шенеуніктің үйін тінтіп, жұмыс орнын да тексерген. Ұлттық музейдің басшысы тамырын тіліп, ауруханаға түсті деген ақпар да жұртты шулатты, деп хабарлайды «Евразия» телеарнасының жаңалықтар қызметі.
Аталған телеарна «Сыбайлас жемқорлықпен күрескерлер мына ұлттық музейдің директоры, бұрынғы Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының ізіне түсті деген ақпарат тарауда. Антикор шенеуніктің үйі мен жұмыс орнында тінту жүргізді деп, журналист Козачковтің телеграмм каналына сілтеме жасаған.
Даудың басы «Алтын адамның әлем мұражайларындағы шеруі» атты көрмеден басталса керек. Кезінде бұл жобаға 1,3 млрд теңге бөлінген. Тендер жарияланып, «Экспонат» атты компания жеңімпаз деп танылған. Ол уақытта Арыстанбек мырза Мәдениет министрі лауазымында отырған еді. Алдын ала деректерге сәйкес, енді антикор әлгі жекеменшік компанияның қазіргі музей директорымен қандай да бір байланысы бар жоғын май шаммен қарап жатқан көрінеді.
Алайда Ұлттық музейдің баспасөз хатшысы бұл ақпаратты жоққа шығарып, Арыстанбек Мұхамедиұлының жұмыс орнына екенін хабарлаған.
Артынша, экс министрдің өзі де әлеуметтік желідегі парақшасына 23 минуттық видео жариялады. Ол алдымен осы уақытқа дейін атқарған қызметтеріне тоқтала келіп, сөз соңында өзінің ар-ожданы таза екенін, қып-қызыл жала жабылып отырғанын айтқан.
«Құрметті отандастар сіздер өздеріңіз мұқият қарап шықсаңыздар. Әрине, қазақстанда мықты заңгерлер бар, қоғам қайраткерлері бар. Егер де осы құжаттардың ішінде мен жағынан бір де бір заң бұзушылығы болса. Жауапкершілікті тартуға мен мойыныма аламын» деп мәлімдеді Мұхамедиұлы.
https://www.youtube.com/watch?v=aNU0toVOksI
Арыстанбек Мұхамедиұлы еңбек жолын филармонияның қарапайым әртісі қызметінен бастаған. Мәдениет саласында бірнеше жыл қатарынан қызмет еткен ол 2014 жылы Мәдениет және спорт министрі лауазымына тағайындалды. Министр болып отырған уақытында да басы даудан арылмайтын. Отандық режиссер, актерлермен қырғи-қабақ болған экс-министрге студент қызға қырындады деген де айып тағылған еді. Спортшылардың жаппай допингпен ұсталуы да осы Арыстанбек Мұхамедиұлының министр креслосында отыған кезімен тұспа-тұс. Ал 2019 жылдан бастап ол Ұлттық музейдің директоры қызметінде. Кешкісін сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Ұлттық музей директоры бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен тергеу жүріп жатқанын растады.
АРМАН ТЛЕУКЕНОВ, СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: «ҚР Ұлттық музейі лауазымды тұлғаларына қатысты алтын адамның әлем музейлеріне шеруі халықаралық көрмесін өткізу бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында 146 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқыру белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде».
Кей дереккөздер Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің тамырын кесіп жіберуге талпынды деген ақпарат таратқан еді. Алайда музейдің баспасөз қызметі мұны да жоққа шығарды. Десе де, аяқ сырқатына байланысты қазіргі таңда ауруханада жатқан көрінеді.
ФОТО: Ашық дереккөз