Актер Қажет Смағұл Тұрсынбек Қабатовпен неге араласпай кеткенін ашып айтты
Отандық танымал актер Қажет Смағұл бүгінде өнердегі әріптесі Тұрсынбек Қабатовпен мүлдем араласпайтынын айтты. Сөзінше, әзілкеш белгілі бір жағдайдан кейін онымен байланысын үзген. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлады.
Қажет Смағұл Тұрсынбек Қабатовпен неге араласпай кеткенін «Saumal» подкастында баяндады. Әзілкешке актердің бір сұхбатта айтқан сөздері жақпай қалған. Алайда Қажет Смағұл берген сұхбаты қиылып, өнердегі әріптесіне бұрмаланып жеткенін айтты.
«Журналистер сұхбатымды кесіп, бұрмалап жіберген. Сол сұхбаттан кейін Тұрсынбек екеуміздің қарым-қатынасымыз үзіліп кетті. Ол жерде мен оны жамандаған жоқпын. Керісінше рахмет айтып отырдым. Маған ұтып алған миллионды толық алдыңыз ба деген сұрақ қойылды. «700 мың алдым, 300 мың қалып қойды» деп жауап бердім. Соны «Тұрсынбек қарыз екен» деп бұрмалап жіберген. Содан кейін журналистерге ренжулимін. Мені халыққа танытып, үлкен сахнаға шығарған Тұрсынбек еді. Монтаждап басқаша шығарған. Содан кейін қаншама жыл өтіп кетті. Тәкеңді көрсем айтам деп едім. Бірақ оны көрмегелі біраз болды. Кездессем кешірім сұрауға кеш деп ойлаймын. Оның ойы қалыптасып қалды. Әзілдеп отырған жерімді қиып, осылай арамызды бұзды», — деді актер.