Cтуденттер 1-курстан бастап мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында (БАҚ) өндірістік тәжірибеден өтуіне болады
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналистика мамандығын игеріп жатқан студенттердің 1-курстан бастап мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында (БАҚ) өндірістік тәжірибеден өтуіне көмектесуге дайын.
Бұл туралы медиа саласының мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындарының ректорларымен кездескен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шынымен де бүгін ең өзекті, көкейтесті мәселелерді ортаға салып, өз ұсыныстарыңызды айттыңыздар. Ең бастысы бізбен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге ниеттеріңізді білдірдіңіздер. Біз оны қуана-қуана қабылдаймыз. Өйткені, біздің министрлік тек қана ақпарат саласында ғана емес, жалпы құзіреті өте кең мемлекеттік орган саналады. Оның ішінде жастар саясаты, рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері, дін, этносаясат мәселелерінің бәрін қамтып отырған бірден-бір мемлекеттік орган. Сондықтан осы салалардың барлығында өздеріңізбен тығыз қарым-қатынаста болуға және әріптестік орнатуға дайынбыз», — деді кездесуді қорытындылаған Аида Балаева.
«Әрине, журналистика — күрделі мамандық, күрделі ғылым саласы. Сондықтан еліміздегі баспасөз жайлы айтылатын әңгіме де, зерттейтін мәселе де, жетілдіретін тұстар да аз емес. Баспасөзі мықты қоғамның мәдениеті мен талғамы да, рухани деңгейі де азаматтық белсенділігі де жоғары болады. Осы орайда, жоғары оқу орындарының мамандарды дайындауы білім беру мазмұнымен тікелей байланысты. Ал жоғары оқу орындарындағы оқудың мазмұндық сапасын жаңғырту, оны уақыт талабына сай жетілдіру мәселесі өте өзекті тақырып. Бұл орайда министрлік оқу материалдарының сапасын қадағалап, қажет болған жағдайда олардың мазмұндық жағын бірге саралап, бірге әзірлеу үшін әріптестік орнатуға қашанда дайын», — деді ол.
Оның атап өтуінше, бұл өз кезегінде министрлік пен жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, студенттердің нақты кәсіби деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.
«Диплом алып шыққан жас журналистерге тағылатын сынның бірі — олардың практикалық тұрғыда дайын болмауы. Яғни, жоғары оқу орнында берілетін теориялық білімнің практикамен жалғаспауы. Көп жағдайда жас мамандар практиканы жұмысқа тұрған соң үйренуге мәжбүр. Бұл орайда студенттік практикалық дағдыларын дамыту үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналистика мамандығын игеріп жатқан студенттердің 1-курстан бастап мемлекеттік БАҚ-тарда өндірістік тәжірибеден өтуіне көмектесуге дайын», — деді Аида Балаева.