Жас ақындармен жарысқа түскен Исраил Сапарбай жүлделі болды
Ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толуына арналған мерейтойлық мүшайра өз мәресіне жетті, деп хабарлайды jurnalist.kz adebiportal.kz порталына сілтеме жасап.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Сәкен Сейфуллин мұражайы ұйымдастырған жыр бәйгесі Абай рухына арналды.
«Жүрегімнің түбіне терең бойла!» деген айдармен жарияланған аламан жыр жарысына республикамыздың түпкір-түпкірінен белгілі жыр жүйріктері бастап, жас талапкерлер қостап 150 ақын қатысты.
Белгілі қаламгерлерден құралған қазылар алқасы мүшәйраға қатысқан шығармаларды сұрыптай келе 12 ақынға бәйге берді.
Сонымен қазылар алқасы ақылға салып, кеңесе келе Бас бәйгені «Абайдың бұлағы» деген топтама өлеңдері үшін белгілі ақын, филология ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жанат Әскербекқызына (Нұр-Сұлтан) беруді ұйғарды.
Бірінші орынды жас ақын, республикалық жыр бәйгесінен жүлде алып жүрген Қабиден Қуанышбайұлы (Нұр-Сұлтан) «Арманы жоқ Абайы бар халықтың» атты өлеңдер топтамасымен қанжығасына байланды.
Екінші екі орынның бірін қазақтың қабырғалы ақыны, «Алаш», «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты Исраил Сапарбай (Алматы) «Имани гүлдің төркіні» топтамасымен иеленді.
Екінші орынның екіншісі «Кемеңгер» өлеңдер топтамасы үшін белгілі ақын, республикалық мүшәйралардың бірнеше дүркін жүлдегері Бақытжан Раисоваға (Өскемен) берілді.
Үшінші үш орын белгілі ақындар Серікжан Қажидың (Алматы)«Ақылына жау емеспін Абайдың», Болат Үсенбавтың (Алматы) «Абайнама», Ұларбек Нұрғалымның (Нұр-Сұлтан) «Ғасырлардың мінберінде – ұлы Абай» атты өлеңдер топтамасына берілді.
Бес ынталандыру сыйлығы Серік Әбілұлының (Нұр-Сұлтан) «Абай бол», Шәмелхан Бұхатханның (Нұр-Сұлтан) «Бір қонып қайтайыншы Жидебайға», Жігер Нысановтың (Ақтөбе) «Тірі жүрек», Қайрат Зекенұлының (Семей) «Абайға жүгін», Балтабек Нұрғалиевтің (Алматы) «Ұлылық» атты өлеңдеріне бұйырды.
Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы қазылар алқасына төрағалық етті. Қазылар құрамында жазушы Қажығали Мұхамбетқалиұлы, әйгілі ақын Серік Ақсұңқарұлы, белгілі журналист Жанболат Аупбаев, ақын Несіпбек Айтұлы болды.