Саяси жылымық (видео)
Елімізде митниг өткізудің, партия құрудың тәртібі өзгереді. Сондай-ақ, Парламентке оппозициялық институттар кіреді. Бұл туралы «Евразия» телеарнасы хабарлады.
Қазіргі Парламентте заң жобаларын талқылау кезінде қарсы шығатындар, дауыс бермей, қалыс қалатындар жоқтың қасы. Бәрі бір ауыздан мақұлдай салады. Енді бұл жүйе өзгереді. Парламентке оппозициялық партиялар кіреді. Бүгін ұлттық кеңестің кезекті отырысында Президент айтқан мәселенің бірі осы.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Бізге парламенттік оппозиция институты қажет. Біз жаңа қоғамдық парадигманың басты шарты баламалы көзқарастар мен пікірлер екенін түсінуіміз керек. Соңғы жылдары өз ұстанымдарын ашық білдіріп жүрген белсенді азаматтар бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселені шешуге атсалысты. Біз балама пікірлер мен қоғамдық талқылау тоқыраудың басы емес, дамудың басты талаптарының бірі екеніне көз жеткіздік. Сондықтан парламенттегі саяси азшылықтың негізін заң жүзінде бекіту қажет»
Бұл бастаманы Парламент депутаттары қалай қабылдағанын қайдам, қоғам белсенділері бөріктерін аспанға лақтырып қуануда. Өздері партия құрама , әлде алдағы сайлаудан дәмесі бар ма, кім білсін.
РАСУЛ ЖҰМАЛЫ, САЯСАТТАНУШЫ, ҰЛТТЫҚ КЕҢЕСТІҢ МҮШЕСІ: Жалпы бізде формальды түрде Парламентте 3 партия бар. Ақжол, Коммунистер, НұрОтан. Бірақ пікір алуандығын көрмейміз. Балама ойлар Парламентте естілмейді. Көптеген заңдар 100 пайыз дауыспен қабылданып жатады. Бұл дұрыс емес.
Оппозициялық институт демекші, саяси партия құруда жеңілдейтін болды. Оны тіркеу үшін қазіргідей 40 мың адам жинаудың қажеті жоқ, 20 мың мүшесі болса жетеді. Жалпы, ұлттық кеңестің қыркүйекте өткен алғашқы отырысында сайлау, митинг, саяси партиялар туралы заңдарды өзгерту мәселелері көтерілген еді. Енді міне, кеңестің екінші отырысында осы мәселелер бойынша нақты нәтиже жарияланды. Қасым-Жомарт Тоқаев митинг туралы жаңа заң жазылыпты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:«Митингтерді ұйымдастырудың ескерту принципін енгізуге кірісу керек. Митингтерді өткізуге болады, егер де олар заңды, қоғамдық тәртіпті бұзбаса және азаматтардың тыныштығына кедергі келтірмесе. Бұл менің түбегейлі ұстанымым. Митингтер құқық қана емес, сонымен қатар жауапкершілік екенін түсіну керек».
Президент сөзінше, митингтен қорқудың қажеті жоқ. Ол биліктің ашықтығын, халықпен санасатынын білдіреді. Тек бұзақылыққа жол бермесе болды. Әрине, митинг туралы заңның жобасын дайындау да біраз талас-тартыс болғанға ұқсайды.
МҰХТАР ТАЙЖАН, ЭКОНОМИСТ, ҰЛТТЫҚ КЕҢЕСТІҢ МҮШЕСІ:»Ол рас, өйткені ұлттық кеңестің жұмысында маңызды заң болды. Бірнеше отырыс болды. Мен өзім бірінеше рет қатыстым. Оны енді Парламент қабылдау керек».
Жиында, Президент әлеуметтік көмек, мүгедектерді жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасау, полиция қызметіндегі қағазбастылық, негізсіз айыппұлдар ды да тілге тиек етті.
Жалпы, бұл ұлттық сенім кеңесінің екінші отырысы. Бірінші басқосу қыркүйекте өткен болатын. Президент жанындағы консультативті органды құруды Қасым-Жомарт Тоқаев маусам айындағы инаугурациясында айтқан болатын. Оның құрамында 42 адам бар. Дені, қоғамдағы белсенді азаматтар.