Басты жаңалықтарБілім

«Теңізшевройл» балабақшамен жарылқады

Атырау облысы, Жылыой ауданында «Теңізшевройл» ЖШС-гі «Игілік» бағдарламасымен екі әлеуметтік нысанның құрылысын аяқтап, пайдалануға берді.

Мереке қарсаңында «Игіліктің» игілігін көрген ауыл тұрғындары дән риза. Оның бірі Жылыой ауданына қарасты Майкөмген ауылындағы балабақшаның салтанатты ашылуы. Бұл балабақша ауылда ашылған тұңғыш тәрбие орны. Балабақшаның салтанатты ашылуына Жылыой ауданы әкімдігінің өкілдері, «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) басшылығы, БАҚ өкілдері және Майкөмген ауылының тұрғындары қатысты. Балабақша 100 балаға арналған. Тәрбие мекенінің аумағында әр жас тобына арналған 4 топтық алаң бар. Аталмыш алаңдар көлеңке шатырларымен жабдықталған. Жаңа балабақша спорттық және ойын жабдықтарымен жабдықталған, бұл балалардың демалысын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Жоба бойынша нысанды автономды энергиямен және жылумен қамтамасыз ету қарастырылған. Жаңа балабақша ғимараты қауіпсіздіктің барлық талаптарына сай және мүмкіндігі шектеулі адамдардың кедергісіз жүруіне арналған пандуспен жабдықталған.

Балабақшаның айналасында да абаттандыру жұмыстары жүргізілген. . Жаяу жүргіншілер үшін де жайлы жағдай қарастырылған.
Сондай-ақ бұл күні Құлсары қаласында Құрсай өзенінің абаттандырылған жағалауының тұсаукесері өтті. Бұл жаңалық Құлсары қаласының тұрғындары үшін ерекше жағдай болды. Өйткені мәдени демалыс орнының ашылуы қала тұрғынлдарына демалуға мүмкіндік береді. Бұдан бұрын Құрсай өзенін тазарту бағдарламасы аясында жағалауды абаттандыру жұмыстары жүргізілген болатын. . Бұл бағдарлама бойынша Қамыскөл деңгейін ұстап тұруға, оның шайылмауына, Құрсай өзені ағынын жақсартуға жағдай жасалды.

Жаңа нысандардың тұсаукесер рәсімінде Жылыой ауданының әкімі Азамат Бекет «Теңізшевройл» ЖШС-нің Жылыой ауданының тұрғындарының әлеуметтік жағдайына қосқан үлесін атап өтіп, тұрғындары атынан алғысын білдірді. ТШО компаниясының өкілі өз кезегінде үкіметтің жұмыс істейтін қауымдастықтарға қаражат бөлудің маңызы зор екенін айтты. «Біз ТШО-ның қызметі ел мен облысқа экономикалық пайдасын ғана емес, сонымен қатар өзіміз тұрып жатқан жергілікті қоғамдастықтың әлеуметтік әл-ауқатына оң әсерін тигізіп отырғанына қуаныштымыз. Атырау облысының әкімдігімен және жұртшылықпен тығыз ынтымақтастығымыз әрі қарай өнімді түрде жалғасады деген үміттеміз. Барлығымыз осындай өңірге қажетті әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының пайда болуына әлі де бірге куә боламыз деп сенемін», — деп атап өтті Рзабек Артығалиев.

Жылдық бюджеті 25 млн АҚШ доллары болатын «Игілік» ерікті бағдарламасы «Теңізшевройл» ЖШС-нің Атырау облысындағы әлеуметтік инфрақұрылым жобаларын қолдауға бағытталған корпоративтік жауапкершілігі саласындағы негізгі бастамаларының бірі болып табылады. Осы күнге дейін аталмыш бағдарлама аясында 90-нан астам жоба жүзеге асырылды. 1993 жылдан бастап ТШО-ның әлеуметтік салаға қосқан жалпы үлесі 1,8 млрд АҚШ доллардан асты.

Г.Абайқызы

Басқа материалдар

Back to top button