Басты жаңалықтарБілім

ҰЛТТЫҚ ДЕЛЬФИЙ КОМИТЕТІНЕ 10 ЖЫЛ ТОЛДЫ

Ағымдағы жылдың тамыз айында Нұр-Сұлтан қаласында  «БӘЙТЕРЕК-FEST» Ұлттық шығармашыл жастар фестивалінің ақтық мәресі өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен 250-ден астам жас талант  вокал, хореография, әнді ым-ишара тілінде орындау, халық аспаптары, театр өнері сынды шығармашылықтың 5 түрі бойынша өнерлерін ортаға салды. Игі істің ұйымдастырушысы – Ұлттық Дельфий комитеті. Байқаудың қорытындысы мен қазақстандық жастардың шығармашылық әлеуетінің дамуы туралы біздің басылымызға Ұлттық Дельфий комитетінің директоры Құралай Түспекова әңгімелеп берді. 

Құралай ханым, әңгімемізді Ұлттық Дельфий комитетінің тарихынан бастасақ.

Қ. Түспекова: Ұлттық Дельфий комитеті 2009 жылы ресми түрде құрылған болатын, десек те, дельфийлік қозғалыста біз республика ретінде ұлттық құрамамыз құрылып, Ресей Федерациясы Брянск қаласында өткен ТМД елдеріндегі Дельфий ойындарына қатысуға жолдама алған 2004 жылдан бастап таныла бастадық.

Біздің әу бастағы мақсатымыз – дарынды жастарды іздеу және оларға қолдау көрсету, мәдениет қайраткерлеріміздің қазақстандық және шығармашыл жастардың бастамасын біріктіру.

Комитет қандай жобалар өткізеді? 

Қ. Түспекова: Біздің негізгі жобамыз – Дельфий ойындарын аймақтық іріктеу турларынан  бастап, соңына дейін өткізу, одан әрі – ұлттық ойындар мен біздің командамыздың, ұлттық дельфий құрамасының халықаралық дельфий жобаларына қатысуын қамтамасыз етіп, қолдау болып табылады.

Мысалы, ағымдағы жылы 22-27 қараша күні Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы халықаралық оқиға – ТМД қатысушы-мемлекеттерінің Дельфий чемпионатында еліміздің намысын қорғайтын болады. Айта кететін жайт, осы жолғы байқау осыған дейін болған классикалық емес, баттл түрінде өткізудің жаңа пішіні болып табылмақшы. Біздің дарындарымыз айтулы додада 6 аталым бойынша бақ сынайды.

Құраманың құрамы белгілі ме?

Қ. Түспекова: Құрама жасақталып отыр. Түрлі іс-шараларға, түрлі дельфийлік халықаралық жобаларға бізде құрама түрлі критерийлер бойынша жинақталады. Бұл жолғы чемпионатқа біз мүлдем жаңа құраманы жинап жатырмыз, бірақ бұлтармайтын бір ереже бар: халықаралық дельфий ойындарының барлық қатысушылары Дельфий ойындарының немесе жыл бойы елімізде өткізілетін біздің жобаларымыздың, Ұлттық Дельфий комитетінің  іріктеуінен өтуі тиіс.

Демек,  «БӘЙТЕРЕК-FEST» фестивалі – бұл Дельфий ойындарына қатысудың бір алаңы немесе бір сатысы деп айтуға болады ғой?

Қ. Түспекова: Иә, биылғы жылы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі грант жариялаған кезде біз аталмыш фестивалді өткізуге өтініш бердік, себебі байқауды өткізудің маңыздылығын жақсы түсінеміз. Оның үстіне, оны барынша сапалы деңгейде өткізу және фестиваль қатысушыларына тиімді жақтарын қарастыру үшін біліктілігіміз де жеткілікті. Өтінішті бекер бермегенімізге күні кеше өткен байқаудың марапаттау рәсімінде балалардың жүздеріндегі сөзбен айтып жеткізе алмайтын қуанышты көргенде тағы бір мәрте көз жеткіздік. Он финалға қатысушыны біз Ұлттық Дельфий ойындарына шақырдық және бір ұжымға Бас жүлде ретінде еліміздің атынан біз баратын Дельфий чемпионатында бақ сынауға мүмкіндік бердік.

  «БӘЙТЕРЕК-FEST» фестивалі туралы нақтырақ айтып өтсеңіз.

Қ. Түспекова: Бұл – жастар шығармашылығына арналған ұлттық фестиваль. Фестивалді біз мамыр айынан бастап өткіздік және күні кеше аяқталып, соңғы қатысушылар, еліміздің бүкіл аймақтарынан келген командалар міне, бүгін үйлеріне тарады.

Фестиваль екі кезеңнен тұрды: бірінші кезең – онлайн-өтініштерді қабылдау және финалға қатысушыларды анықтау, ол ағымдағы жылдың 20 шілдесіне дейін ұзартылды. Тамыз айының басынан бастап біздің ұлттық дельфийлік қазылар мүшесінен құралған командамыз солтүстік-батыс-оңтүстік-шығыс-орталық аймақтық бағыттары бойынша еліміздің 5 қаласын аралап шықтық. Біз 5 қалада шеберлік сағаттарын өткізіп, фестивальдің қатысушыларына, сондай-ақ, аталған аймақтардағы барлық ниет білдірген шығармашылық ұжымдарына менторлық қолдау көрсеттік. Әрі қарай айтылған 10 аталым бойынша финалға қатысушылар анықталып, 27-28 тамыз күні 250 адам  елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы шығармашылық алаңда бас қосты.

Балалардың шығармашылығы қандай критерийлер бойынша сарапқа салынды? 

Қ. Түспекова: Фестиваль эксперименттік сипатта болатынын айта кеткен жөн. Біз 10 аталымды жарияладық, оның бірі ашық аталым болса, қалған аталымдар дельфийлік аталымдардың қосындысы деуге болады, яғни, егер Дельфий ойындарында хореографияның заманауи және халықтық хореография сынды екі түрі болса, «БӘЙТЕРЕК-FEST» аясында біз балаларды аталымдар бойынша бөліп-жармадық, жалпы хореография ғана болды. Сол секілді вокал бойынша да үш аталым: халықтық вокал, академиялық және эстрадалықтың орнына біз бәрін бір аталымға біріктірік өткіздік. Критерий өте қарапайым: шығармашыл әлеует, әртістік қабілет, әннің мазмұны, репертуар – бағдарлама талабының негізі осы.

Жас таланттарға кімдер қазылық етті?

Қ. Түспекова: Біздің Ұлттық Дельфий комитетінің қазылар өкілдері. «БӘЙТЕРЕК-FEST» қазыларына ҚР еңбек сіңірген қайраткері, біздің амбассадор, вокал, академиялық ән  бағытының кураторы  Азамат Жылтыркөзов басшылық етті.  ADAM – Дельфий ойындарының амбассадоры, эстрада әншісі, көптеген халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған қазақстандық эстраданың әйгілі орындаушысы.  Хасан Израил – сурдоаудармашы, «Әнді ым-ишара тілінде орындау» аталымы бойынша қазылар төрағасы.  Маржангүл Алпысбаева – «Қобыз» аталымы бойынша қазылар төрағасы, білім беру үздігі. Қазылар құрамы өте білікті, балалардың осындай көрнекі қайраткерлермен тікелей араласып, олардың кеңестерін, ұсыныстарын тыңдап, шеберлік сағаттарына қатысу мүмкіндігіне қол жеткізгендері үшін көңілдері марқайды.

 

Көптеген байқаулар, соның ішінде, сіздер өткізетін байқау қазақстандық балалар үшін әлеуеттік жеделсатыға айналуда. Байқау біткен соң сіздердің конкурсттарыңыздың, жеңімпаздарыңыздың әрі қарайғы өмірін, шығармашылық жолдарының қалай өрбитіндігін қадағалайсыздар ма? 

Қ. Түспекова: Біз тек қадағалап қана қоймай, олардың әрі қарай дамуына да атсалысамыз. Қарапайым мысал – Азамат Қайратұлы Жылтыркөзов. 2006 жылғы Халықаралық Дельфий ойындарының қатысушысы. Бүгінгі таңда – «Академиялық вокал» аталымында Ұлттық Дельфий комитетінің төрағасы, еліміздегі ойындардың амбассадоры әрі Халықаралық Дельфийлік қазылардың аккредиттелген мүшесі, яғни, Азамат Қайратұлы әрқашан бізбен бірге. Мұндай оқиғалар аз емес.

Кейбір  қатысушыларымыз аймақтардағы мәдениет басқармаларын басқарып отыр, олар өмір жолдарын Дельфий ойындарынан бастаған біздің байқаудың қарлығаштары. Біз оларды үнемі назарда ұстаймыз, ағымдағы жылы Дельфий комитетіне 10 жыл толып отыр, алдағы жоспарларымыз көп.

Үлкен ивент пішінінде түлектеріміздің бір-бірімен араласуын іске асырғымыз келеді, түрлі жылдары байқауда бақ сынаған жеңімпаздарымыздың, қатысушыларымыздың басын қоссақ дейміз.

Парадельфий ойындарын өткізу идеясы қашан пайда болғандығы туралы еске түсіріп көрсеңіз.

Қ. Түспекова: 2014 жылы есту қабілеті бұзылған балалардың өнерін тамашалаған кезде идея туындады. Әнді ым-ишара тілінде орындауға болатындығын мен өзім 2014 жылы бір-ақ білдім. Әріптестерімізбен бүкіл ғаламтордан ақпарат іздеп,  елімізде осы өнер саласымен кімнің айналысатындығын зерттедік. Сол кездері «Жұлдыз-ай» конкурсы өткізілетін, «Жұлдыз-айда» аталған аталым тар шеңберде ғана өткізіліпті.

Біз оның ауқымын кеңейткіміз келді. Яғни, «Жұлдыз-ай», бізде және басқа байқауларда өзін-өзі көрсетуге мүмкіндік мол болды. Бірақ біз кәсіби пішінде жұмыс істейтіндіктен, ерекше балаларға барынша кәсіби тұрғыдан қарағымыз келді. Сол үшін Парадельфий ойындарын құру идеясы өмірге келді. Бастапқыда біздің ресейлік әріптестеріміз бастамамызды қолдап, халықаралық парадельфий комитетін құрғылары келді. Бірақ біз бүкіл әлемнің инклюзия жолында екендігіне және сол үшін өзіміздің байқаудың ішінен жаңа ведомство құрғымыз келмейтіндігін, Дельфий ойындарының құрамына екі және одан артық парадельфий аталымын қосқымыз келетіндігін алға тарттық.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың арасынан қызығушылық танытқан қатысушылар көп болды ма? 

Қ. Түспекова: Бірінші жылы Қазақстанның 10 аймағы қатысты, сондықтан біз алдын ала ұлттық ойындар шеңберінде аймақтық байқауға әнді ым-ишара тілінде орындау мен хореография бойынша талаптар енгіздік. Іріктеуден соң ақтық сында Степногорск қаласына 200 ерекше балалар мен жас дарындар жиналды. Бұл керемет сәттер болатын! Білім беру туралы айтпағанда, инклюзивті тәрбиелеудегі жаңа қадам, жаңа тренд деуге келетін шығар! Өйткені, содан бері кең қоғамдық резонанс тудырды, қазір де жақтастарымыз жетерлік.

Құралай ханым, Қазақстандағы Дельфий қозғалысына 10 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде дарынды жастардың көп легі көз алдарыңыздан өтті. Осы уақыт ішінде егер 10 жыл бұрынғы уақытқа көз жүгіртсек, балаларымыздың, жастардың шығармашылық әлеуеті артты ма?

Қ. Түспекова: Әрине, өсті! Біріншіден, қазір жоғары технологиялар, цифрландыру ғасыры, бәрі қолжетімді. Фортепианода ойнауды ғаламтор арқылы үйренуге болады, вокал курстары көп. Сондықтан қазіргі таңда балаларымыздың да 10 жыл бұрынғыға қарағанда мүмкіндіктері мол.  Деңгей де өсіп жатыр. Бірақ қашан да бір проблемамыз бар екендігін мойындау керек, ол – балаларды шатастыратын жекеменшік конкурстардың көптігі, жарыстыру  жүйесі негізінде өтетін коммерциялық байқаулар. Іріктеу барысында нақты критерийлер, нақты бағдарламалық талаптар жоқ, қазылардың құрамы да әрқашан сапалы бола бермейді.

Сондықтан, аталған бағытта біз жұмыс істеп жатырмыз, конкурстардағы өз рейтингімізді жасап, балаларға көмектесіп, қадағалап, олардың адасуына жол бермеу үшін ұжымдағы өз рейтингімізді айқындаудамыз.

Сұхбатыңызға көп рахмет!

А.ОРЫНҒАЛИҰЛЫ

 

 

Басқа материалдар

Back to top button