Басты жаңалықтарҚоғам

Ақмола облысының өнімдері10-15 пайыз арзан бағада сатылып жатыр

Сауда қызған сәт, қолында толы сөмкесі бар тұрғындар, әсем әуен мен ұлттық ойындар. Елордадағы «Қазанат» ипподромында Қазақстан өңірлерінің осы маусымдағы соңғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкелер маусымын Ақмола облысы қорытындылап, Астанаға мың тоннадан астам өнім жеткізді.

Сауда-саттық үшін 140 орын әзірленіп, келушілерге 50-ден астам түрлі өнім ұсынылды. Сауда сөрелерінен ет және шұжық өнімдерін, сүт өнімдерін, жаңа ауланған балықты, ұн, жарма, өсімдік майын, картоп пен көкөністерді табуға болды. Сонымен қатар 350 мың дана тағамдық жұмыртқа жеткізілді. Бұдан бөлек, отын, көшет және басқа да маусымдық тауарлар сатылды. Өнімдердің бағасы нарықтағы орташа бағадан 10–15 пайызға төмен болды.

Жәрмеңкеде Ақмола облысының танымал брендтеріне де ерекше орын берілді. Өз өнімдерін өңірге белгілі «Родина», «Burabay Milk», «Бижан», «Макинская птицефабрика», «Акколь Құс», «Ижевский», «Урожай», «Айбат», «Гормолзавод» және басқа да кәсіпорындар ұсынды.

Жәрмеңкеден қолдарына толы сөмке ұстап шыққан тұрғындарға ақмолалық волонтерлер көмектесті. Олар дәстүрлі түрде осындай шараларға қатысып, ауыр заттарды көліктерге немесе аялдамаларға дейін жеткізуге жәрдемдесті. Соның арқасында келушілер үшін көп көлемде сауда жасау да қолайлы болды.

Жәрмеңке өңірдің мәдениетімен танысу алаңына да айналды. Қонақтарға концерттік бағдарлама ұсынылып, интерактивті фотозонада ұлттық киім киіп, қазақ батырының бейнесінде естелік суретке түсуге мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ ECO Birlik экологиялық акциясы көпшіліктің назарын аударды. Қатысушылар пластик қалдықтарын тапсырып, ұлттық ойындарға қатысып, естелік сыйлықтарға ие болды. Мұндай бастама ақмолалық жәрмеңкелер мен бұқаралық іс-шаралардың дәстүрлі бөлігіне айналып, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының идеясын жалғастырып келеді.

Сауда сөрелеріндегі өнімдердің сан алуандығы өңірдің аграрлық әлеуетін көрсетеді. Ақмола облысы елорданы азық-түлікпен қамтамасыз ететін негізгі өңірлердің бірі болып қала береді. Бүгінде облыс Астананың сүт өнімдеріне деген сұранысының шамамен 40 пайызын, яғни тәулігіне 140 тоннаға жуық өнімді қамтамасыз етеді. Ет жеткізіліміндегі үлесі 30 пайызды немесе күніне 80 тоннаны құрайды. Ал тағамдық жұмыртқа қажеттілігінің шамамен 80 пайызы, яғни тәулігіне 700 мың дана жұмыртқа Ақмола облысынан жеткізіледі.

 

«Біз астаналықтар сапалы отандық өнімді қолжетімді бағамен сатып алуы үшін мың тоннадан астам тауар әкелдік. Алайда біздің міндетіміз мұнымен шектелмейді. Ақмола облысы өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім жеткізу географиясын кеңейтуді көздейді. Осылайша, Астананы ғана емес, Қазақстанның басқа да өңірлерін азық-түлікпен қамтамасыз етуге үлес қосамыз.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында ет кластерін дамытудың маңызын атап өтті. Біз бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз: асыл тұқымды мал әкеліп, фермерлік шаруашылықтарды дамытып, мал басын көбейтуге жағдай жасаудамыз. Ақмола облысы «Береке» бағдарламасы бойынша қолдау алған алғашқы өңірлердің бірі болды және осы бағдарлама аясында ең көп қаржыландыру көлеміне ие болды», – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Өңірде өндірістік қуаттарды арттыру жұмыстары жалғасуда. Мал шаруашылығы саласындағы ірі жобалардың бірі – Ерейментау ет кластері. Жоба аясында қалмақ тұқымды 20 мың бас ірі қараға арналған үш асыл тұқымды мал өсіру шаруашылығы, 30 мың басқа арналған бордақылау алаңы және 300-ге жуық фермерлік шаруашылық біріктіріледі. Сонымен қатар өндірістік үдерісте малдың денсаулығын бақылау және жем-шөп қорын басқару үшін цифрлық технологиялар енгізу жоспарланған. Жобаны 2030 жылға дейін жүзеге асыру нәтижесінде облыстағы ірі қара мал басын 1,3 миллионға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Сүт өндіру кәсіпорындарының да қуаты артып келеді. Соңғы үш жылда облыста жалпы қуаттылығы 5,8 мың басқа арналған алты тауарлы сүт фермасы пайдалануға берілді. 2026–2028 жылдары тағы алты ферманың құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Олардың жалпы қуаттылығы 8,5 мың басқа есептелген. Жаңа фермалар толық іске қосылған кезде 2030 жылға қарай ауыл шаруашылығы кәсіпорындарындағы тауарлы сүт өндірісін екі есеге жуық арттырып, 150 мың тоннаға жеткізу жоспарлануда.

Ақмола облысы азық-түлік нарығындағы өз орнын нығайтып, өнім өткізу географиясын біртіндеп кеңейтіп келеді. Жергілікті кәсіпорындардың өнімдері Қазақстан нарығында сұранысқа ие. Ендігі мақсат – шетелдік жаңа нарықтарға шығу. Бұл бағытта ауыл шаруашылығын дамыту, өндіріс орындарын жаңғырту және өнім өңдеу қуаттарын арттыру жұмыстары жүргізілуде.

Алдағы уақытта ақмолалық өндірушілер ел ішіндегі позициясын нығайтып қана қоймай, шетел нарықтарында да отандық өнімнің танымал болуына үлес қосуды көздейді.

А.Оырнғали

Басқа материалдар

Back to top button