BMW-мен қаланы басына көтерді

БМВ-ны тақымдап Петропавлды басына көтерген жігіт ұсталды. Ол түнгі үште қаланың қақ ортасында дрифт жасап тұрғындардың тынышын алған.
Желігі басылмаған 18 жастағы жүргізуші көліктің артын әрі-бері лақтырып қызық қуыпты. Шиқылдаған шинаның дауысынан құлақ тұнады. Жергілік белсенділердің айтуынша олар екеу болған. Жастардың түнгі ермегі бірден тәртіп сақшыларының назарына ілікті. Темір тұлпар тақымдаған бозбалаға 4 бірдей әкімшілік хаттама толтырған. Сондай-ақ қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау камерасына қамалды.
-Облыс орталығының 18 жастағы тұрғынына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, материалдар жинап, 13 сәуір дүйсенбі күні сот алдында жауап берді. 4 баб бойынша жауапкершілікке тартылды. Апаттық жағдай туғызу, маневр жасау қағидаларын бұзу және ұсақ бұзақылық,-деді қалалық полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.
А.Орынғали
ФОТО: Ашық дереккөз



