Басты жаңалықтарҚоғам

Мәһрге не сұрауға болмайды?

Дінде мәһрдің ең төменгі шегі 4,25 грамм алтын деп өлшенгенімен, оның жоғарғы шегіне тыйым салынбаған. Содан болар, бүгінгі арулардың сұранысы шарықтап тұр. Алайда ғұламалар болашақ жарының жағдайымен санасқан қыздың некесі берекелі болатынын ескертеді. Бүгінде жігіттің мүмкіндігіне қарамай, қымбат көлік пен пәтер талап ету отау құрғысы келетін талай жасқа тұсау болып отыр. Негізінде, дәстүр мен дін үндескен жерде, бойжеткен өз еркімен бұл сыйдан бас тарта алады екен. Бұл туралы «Еуразия» телеарнасы хабарлады.

-Енді осы жерде түсіне кететін нәрсе, егерде қызда сол қалың малын мәһр ретінде қабыл аламын десе, шариғат бойынша ол қалың мал болып саналады. Яғни дүние мүлік сол қыздың өзінде қалса. Қазақтың да салтында солай. Жастар келіссе ол қалың мал болып жүріп кетеді,-дейді «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Махмуд Қасым.

Бұл мәселеге қоғамның да берер жауабы әртүрлі. Қала тұрғындары арасында жүргізілген сауалнама қазіргі ұрпақ пен аға буын арасындағы үлкен пікір қайшылығын ашып берді. Бүгінгі таңда жастардың бір тобы бұл тақырып өте шетін мәселе: олар үшін мәһр саудаласуға келмейтін негізгі шарт. Көңілінен шықпаса, «сол жерде сау бол, аман бол!» деп, некені қиылмай жатып тоқтатуға дайын. Ал аға буын бұл үрдіске үреймен қарайды. Көпті көрген үлкендердің айтуынша, қазіргі қыздар материалдық байлықты алдыңғы орынға қойып, мәһрдің кесірінен басындағы бағын тайдырып, өз бақыттарын өздері үркітіп жатыр.

А.Нәби

ФОТО: Ашық дереккөз

 

 

Басқа материалдар

Back to top button