Басты жаңалықтарҚоғам

Шет ауданындағы шаруалар шу көтерді

 Жер-суды қадағалайтын заң бар ма? Бассыздыққа тыйым бола ма? Қарағанды облысы Шет ауданының тұрғындары осылай шулап отыр. Бұл туралы «Евразия» телеарнасы хабарлады.

Себебі,  геологолиялық зерттеу жүргіземіз деген серіктестік  шаруа қожалығының келісімінсіз оның жерінде қазба жұмыстарын бастап кетіпті. Ескі шахтаның беті ашылғалы ауылда мал өлген.  Ал түсті метал іздеген компания егер кеннің қоры мол болса зауыт салып, елді жарылқаймын деген уәж айтады.

Шет ауданына қарасты Кәрім Мыңбаев, Қызылтау ауылдарының іргесіндегі алқаптарды бірнеше шаруа қожалығы ен жайлап отыр. Мемлекеттен қаржылай қолдау алып, ауыл шаруашылығының дамуына да атсалысуда. Бірақ былтырдан бері шаруаның шырқы бұзыла бастаған.  Себебі, жазғытұрымнан    жекеменшік серіктестік осы маңнан геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуде. «Мыналарың не десең, шаруаң болмасын аулақ жүріңіз дейді.   Мына жерге үлкен өндіріс түсетін болса белгі қойып, бізді көшірсін. Әйтпесе, мына бассыздыққа тыйым бола ма. Үкімет бар ма бізде, жоқ па? Жер-суға деген заңдылық бар ма?» дейді Қызылтау ауылының тұрғыны Бәдуан ақсақал.

 49 жылға осы аумақты жалға алып, мал  бағып отырған қожалықтар жетекшілерінің сөзінше, даудың басы былтыр  басталған.   Ербол Бика, шаруа қожалығының жетекшісі: «Алтын, күміс, қазба байлыққа сараптама  жасаймыз деген бастамамен жерімізді қопарып жатыр. Құжаттарын былтыр тексертіп көрдік, заңсыз екен. Жердің үстін жалға алғанымызбен, асты мемлекеттікі ғой. Заңды органдарға шағымданнан соң, техниканы алып, істі тоқтатқан. Биыл қайта бастады».  

Биыл құр алақан келмеген.  Инвестиция және даму министрлігінің Геология комитетінен рұқсат алыпты. Жергілікті әкімдік қаулы шығарып берген. Алайда,  жерді мал шаруашылығы мақсатында пайдалану үшін жалға алған жеке қожалықтармен келісім жасалмаған.  Тек жерді жалға алған шаруашылық емес, осы маңайдағы қожалықтарда мал-жанға зияны тиеме деп алаңдап отыр. Батыр Меңтаұлы, жеке қожалықтың басшысы: «Бұл жердегі қыстақтың  аты   Зауыт  деп аталады. Өйткені, Кеңес Одағы кезінде  қорғасын, мырыш қазылған. Соғыс кезінде осы жерден балқытып тұрған сыңайлы.   Осы жабулы жатқан нәрсені бір ЖШС келіп екі жылдан бері зерттейміз деп қазып жүр.  Басында зерттеп жатыр ғой деп ойладық. Қазір зерттеу емес, қазып, тасып жатқанға ұқсайды. Мен өзім гидрогеолог инженерімін. Жер қойнындағы байлықты қалай зерттейді, қалай пайдаланудың жобасын білеміз.  Қорғасын, мырыш шыққан жер уранның изотобы. Уранның өлгені қорғасын деп есептеледі. Геологиялық тілмен айтқанда».

 Қыстақтардың дәл іргесінен рұқсат берілген  аумақтың айналасында геологиялық зерттеу жүргізілуде деген ешқандай белгі, жазу жоқ. Маңында жұмысшылары ғана жүр.  Көңілдері жабырқау. 

 Мәселе жергілікті билікке де жақсы таныс. «Жер кодексінің 71-бабында да жазылып тұр. Рұқсат берілген кезде аумақ бос емес болса, ол жер пайдаланушымен келісім шартқа отыру керек. Зерттеу   оларға  зерттеу сынама жүргізуге үшін ғана рұқсат етілген болатын. Қазба жүргізуге болмайды. Келісім шартта солай көрсетілген» дейді Шет ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы Светлана Туғанбаева.

Бұл мәселе жергілікті билікке да жақсы таныс. Тіпті кейбір заңсыздықтарды да өздері біліп отыр. Мұхит Мұхтаров, Шет ауданы әкімінің орынбасары:  «Шамамен   мамыр айында рұқсатын алды. Бірақ заңға сәйкес шаруа қожалығының жері болған соң, олармен  алдын ала келісім жасау керек. Өйткені, учаске сол шаруашылықтың иелігінде.  Жаңағы фото материалдарымыздың бәрін жинап, адамдарымызды жіберіп түсіріп алдық.   Енді келісім шарттың талаптары сақталмағанына байланысты бұл істі тоқтатамыз».  

  Бір қызығы, дау-дамайды біле тұра  ол жерге аудандағы атқарушы биліктен жан баласы бармаған. Барлығы ауыл әкімінің сөзіне сеніп жүр. Біздің көзімізше хабарласып тапсырма берді. Дегенмен, екінші тараптыңда айтар уәжі бар. Түсті металдың қорын іздеп жатқан аймақ 19 ғасырдан бері зерттелмеген. Егер кен байлықтың көзі табылса өндіріс орнын ашамыз дейді. Айдос Хасенов, ЖШС директоры: «Біз ол кісімен келісім шартқа отырумыз керек. Мен өзім үш рет барғанмын. Ол кісі қашқақтап, әр түрлі себептермен бізбен келіспей отыр».

Бұл жерде ешқандай заң бұзушылық жасалып жатқан жоқ. Бүгінгі күнгі мақсатымыз сол жердің қорын тексеріп қорғасынның қорын анықтау. Егер кеннің қоры болса Ақадырдан өндіріс нысанын ашуды көздеп отырмыз». Алайда рұқсатты биыл алғанымен,  техникаларын былтыр апарып қойыпты. Заңдағы өзгерістерге байланысты құжат жинау жұмыстары созылып кетті дейді, геологиялық зерттеу бастаған Айдос Хасенов.Алайда серіктестіктің мұндай өндіріс орнын ашамын деген жоспары туралы жергілікті биліктен ешкім жақ ашпады. Тіпті атқарушы орган шағымданған шаруа қожалықтарының хатына да жауап жазбаған. Мамырда жазған хатқа атқарушы орган жауап дайындапты. Бірақ мекен жайы көрсетілмей, әкімдіктен кеткен хат қайтып келіпті. Алақандай ауылдан шағымданушының үйін таба алмапты мыс. Тіпті, облыстық прокуратурадан келген жауап та екі тілде шұбарланып жазылған. Хаттың басы қазақша басталып, орысша жалғасып кеткен.

 

Басқа материалдар

Back to top button