Байқоңырлықтар Ресей азаматтығын алуға мәжбүр

ОЛЖАС САЙЛАУБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:«Қызылордадан екі сағаттық жол жүріп, міне Байқоңырға да жеттік. Кіру бекетінен өттік. Мына жақтың шыны керек, ауасы да бөлек екен. Жалпы бұл қалаға кіру оңай емес. Қолыңда рұқсат қағазың болуы керек. Міне, мынадай. Бөтен көліктерді де мұнда кіргізбейді. Сондықтан бұл жақта бізді өзге көлік күтіп тұр. Ендеше ішіне отырып, бірге аттанайық»

 

Қараңғы көшелермен жүріп, көзімізге түскені, көліктер қозғалысы сирек. Аяздан ба әйтеуір, жыбыр-жыбыр халықты да байқамадық. Орналасар бөлме іздеп біраз сарылдық.

ОЛЖАС САЙЛАУБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:«Жақын күндері Байқоңырдан кезекті зымыран ғарышқа ұшырылады екен. Оны көру үшін жан-жақтан туристер көптеп келген көрінеді. Мұндай кездері қала ішіндегі қонақ үйлерден, жалдамалы пәтерлерден орын табу қиынның қиыны. Алайда, бізге бір жатын орын табылды.  Қаланың сыртындағы бетон қоршауды көрген кезде жаным бір суып еді. Мына бөлменің еденінің суығын, бөлменің өзінің салқын екендігін көріп, тәнім де бір тоңатын сияқты. Сондықтан бүгінше үстімдегі қалың киімді шешпей-ақ жата беретін сияқтымын».

Күн шыға қаланы аралауға аттандық. Орналасқан жеріміз дәл қаланың орталық алаңы маңында екен. Жаңа жылды меңзеп тұрған шырша. Оң қолын сермеп тұрған Ленин мүсіні. Көненің көзіндей ескі үйлер. Көше атаулары. Барлығына қарап, кеңестік қалада жүргендей сезімде қалдық. Күн жарықта шаһар айналасындағы қоршауды көрмекке жүріп ек…

ОЛЖАС САЙЛАУБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:« Мына қапталда Байқоңыр, мына қапталда Төретам. Арасын бөліп тұрған Бетон қоршаудан арлы-берлі секіріп өтетін адамдар көп көрінеді. Сондықтан да бұл жерде қоршаудың екінші қабатын салу жұмыстары қарастырылған. Оның үстіне бүкіл аумағы бойынша бейнебақылау камераларын орнатпақ жоспар да бар көрінеді».

Қалаға алғаш аяқ басқан өзім үшін қоршау ішінде тұрған демімді қысқандай болды. Бірақ жергілікті тұрғындар оған үйренгенбіз дейді. Мұнда бірі Ресей, енді бірінің азаматтығы Қазақстан. Рубль мен теңге де қатар жүреді. Отандастарымызды сөзге тартып ек. Тұрмысы жайлы камераға айтуға құлқы жоқ екені көрінді.

— Неге адамдар жағдайды айтудан қашады?

— Оның салдары болады ғой, құқығын таптайды.

— Мысалы, сіз қазір айтып тұрсыз. Сізге кесірі тиеді ме?

— Тисе де, бір жауабын беремін! Ал олар қорқады! Қазақстан азаматтары жасқанады. Кейін артымнан түседі, тырнақ астынан кір іздейді деп.

Байқоңырдың базары бұл. Саудада жүрген отандастардың айтары көп. Келер жылы енетін өзгерістер бар екен жұмысында. Сатуға әкелінген Қазақстандық тауар үшін 18 пайыз көлемінде жанама салық қарастырылмақ деп отыр. Бұл кәсіпкерлік салық пен сауда орны үшін төленетін ақыға қосылса, пайда көре алмай қаламыз ба деп қамығуда. Басқа жұмыс табу оңай емес.

РАИСА ЕСТАЕВА, САТУШЫ:   «Ресей мекемелері қазақстандықтарды жақсы жұмысқа алмайды. Тек аула сыпырушы, сатушы сияқты қызмет қана атқара аласың. Кеткім-ақ келеді. Бірақ бізді кім күтіп отыр?!».

Тағы бір қызық жайт. Ресей мекемелерінде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары соның зейнетақы қорына ақша аударады. Салықты да соған төлейді. Бірақ ресейлік әріптестері алатын жеңілдіктерден ада. Ауысып кетсе, тағы шығын.

КҮЛЖАТАЙ ХАЧАТРЯН, САТУШЫ:  «Егер мен Қазақстанға кетсем, бүгінге дейін жинаған зейнетақым жоғалып кетеді екен. Сонда біз неге оларға төйлейді екенбіз? Ал егер керісінше Ресей азаматтығын алсаң, Қазақстанда жинаған зейнетақың аударылады. Бұл әділдік пе?»

Ал бұл Ресей стандартымен білім беретін орта мектеп. Онда да қазақ балалары сауат ашып отыр. 792 оқушының үштен бірі солар. Әскери форма киіп отырғаны бірден көзге түсті. Сөйтсе, сабақтан тыс, құтқарушы мамандығын қазірден меңгертіп жатыр екен. Бірақ…

ДАСТАН ҚЫЛЫШБАЕВ, 10-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

«Қазақ тілі беріледі ме?

– Жоқ. – Қазақстан тарихы?

– Жо-жоқ, берілмейді.

– Ал біздің Қазақстаннан шыққан тарихи тұлғалардан кімді білесің?

Кімдерді үлгі тұтасың?

— Абай. Ну, көп білмеймін…Қалай атсам болады…»

МАКСИМ ТАСҚАРАЕВ, 10-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

« 11-ші класта репетитор нанимать етіп, сол қазақ тарихын оқу керек. А так Қазақстан тарихынан мен вообще нольмін. Білмеймін.

– Оқыған жоқсыңдар ма?

– Оқыған жоқпын.

– Оқығың келеді ме жалпы?

– Оқығым келеді. обязательно оқу керек оны. Білу керек»

Мектеп әкімшілігі Қазақ тілі, Қазақстан тарихын қосымша сабақ ретінде беруге мүмкіндігіміз бар дейді. Бірақ сұраныс болмаған соң, жүргізіліп жатқан жоқ деп түсіндірді.

ОЛЖАС САЙЛАУБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:«Осыдан екі жыл бұрын Байқоңырдағы 5 бірдей мектеп Қазақстанның білім беру стандартына көшкен. Яғни, ол нысандар енді толықтай Қазақстан Республикасының иелігінде деген сөз. Ондағы білім беру үрдісі қаншалықты өзгерді? Білім ошақтарының біріне кіріп, бірге көрейік».

Өзге қалалардағы мектептерден айырмашылығы жоқ. Жаңа бағдарламаға көшсе де, қиындық болмаған көрінеді. Себебі, бұған дейін де қазақ тілінде білім беріп келген ұстаздар тек жаңа әдіске ғана машықтаныпты. Ресейдің тарихын бөлек пән ретінде бүгінге дейін оқыған емеспіз, дейді.

МИРА ОСПАНОВА, № 272 ОРТА МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:«Байқоңыр қаласында жұмыс істегеніме қазір 20 жылдан асып кетті. Сол жылдың ішінде Ресейдің тарихын өткен жоқпыз. Біздің оқушыларымыздың барлығы да Қазақстан тарихын, географиясын оқып білім алды. Ол өтірік ақпарат деп ойлаймын».

Қаладағы 14 балабақшаның біреуі ғана қазақстандық стандартқа көшкен. 13-і  Ресейге қарайды. Бір қуантарлығы біздің билік балабақшаларды өзімізге қайтаруды қолға алмақ екен.

БАҚЫТЖАН САЙЛЫБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:«2 тапсырма қойдық. Бірінші өз мүмкіндігімізбен сол Байқоңыр қаласында мемлекеттік жеке меншік әріптестік негізінде 2 нысан қазақ тілінде ашылады. 2 босаған ғимаратты Ресей юридикциясынан алдық. Биылғы жылы 2 қазақ балабақшасы ашылады».

Сюжет басында жалдамалы пәтер туралы айтып едім, есіңізде болса. Мұндағы кей жер үйлерден бөлек, өзге баспаналардың барлығы жалданады екен. Яғни, жеке мүлік емес бұл. Тек қолдарында баспанада тұруға құқық беретін купондары бар.

КЕҢШІЛІК КҮЗЕМБАЕВ, ЗЕЙНЕТКЕР, II-ТОПТАҒЫ МҮГЕДЕК:« Малый, средний бизнесті көтереміз. Кредит береміз дейді. Біз банкімізге барсақ, бізге қолын шығарады. Өйткені біздің қоятын залогымыз жоқ.Сол купондарымызды, сол чектерімізді залог есебінде біз банкіге қоя алсақ деген ұсыныс бар менде. Сонда халықтың жағдайы жақсарар еді деген ой бар».

Кеңшілік Күзембаев космодромда құрылысшы-механизатор болып қызмет атқарған. Қазір зейнетте. Екінші топ мүгедегі. Азаматтығы Қазақстан болса да, зейнетін Ресейден алып отыр. Бірақ көрші ел қарияларына қарастырылған жеңілдіктер мен сыйақылардан құр қалған екен. Әңгімесінің түйіні – Байқоңырда Ресей азаматы болған тиімді. Бірақ намыс жібермейді.

КЕҢШІЛІК КҮЗЕМБАЕВ, ЗЕЙНЕТКЕР, II-ТОПТАҒЫ МҮГЕДЕК: «Я не могу свою родину продать. Я клятву, присяганы бір-ақ рет аламын мен, екінші рет алмаймын, Ресейге кірмеймін, мен қазақ елі үшін туылған азаматпын»,- дедім. Сонымен Ресей азаматтығын ала алмай қалдық. Осы күні барып, басымызға енді тиіп жатыр. Кімнің кім екенін енді біліп жатырмыз».

«Басты Бағдарлама» «Евразия» телеарнасы

Пікір жазу

email адресіңіз жарияланбайды *

*