Назарбаев Түймебаевтың бетіне айтты
«Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Оңтүстік Қазақстан облысындағы жемқорлық мәселесін сынға алды. Онлайн арқылы өңірдегі атқарып жатқан жұмысын айтып марқайған облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың сөзін бөлген Президент, аймақта еден жуушы болу үшін де пара берілетінін айтты.
«Бұл облыс басқалардан қалыс қалды деген сөз емес. Облыстың халқы тығыз қоныстанған. Арғы жағында өзбек ағайындармен байланысымыз жақсарып келеді. Оңтүстікте бәсекелестік өсіп келеді. Олардың сауда-саттыққа, өз жұмысына ықыласы бізден гөрі артық. Ал екінші мәселе, ешқандай реніш болмасын. Менде неше түрлі хабарлар бар. Мектепке еден жууға қабылдау үшін пара беру керек. Мектепке мұғалім болып кіру үшін пара беру керек. Басқа облыстарда ондай жоқ. Тек қана сендерде бар» деген Н.Назарбаев цифрландыруға көшпесе әлеуметтік салада да жемқорлықтың жалғаса беретінін алға тартты.