Сонымен еліміздің басты құжаты қабылданды!

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада ресми жарлыққа қол қойды. Жаңа конституцияны қабылдауға арналған салтанатты шараға билік басындағылар түгел жиналыпты.
Мемлекеттік әнұран шырқалғаннан кейін Орталық референдум комиссиясы өз қорытындысын жариялады. Заңның темірқазығына жұрт жүрдім-бардым қарамай, 70 пайыздан астамы дауыс берген. Ал халықтың 87,15 пайызы басты құжатты қолдапты.
Басты құжаттың іші ғана емес, сырты да өзгергені көзге оттай басылды. Жиын соңында сөз алған Президент мемлекет тағдырына бей-жай қарамай, дауыс беру науқанына атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді. Ата заң еліміздің мақсат-мұратын айқындайтын, ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи құжат болатынын атап өтті. Бұл — шын мәнінде халықтық конституция, — деп тебірене тіл қатты.
— Ата заң – мемлекет мүддесінің болаттай берік қалқаны. Конституциямыздың ең басты мақсаттары – жеріміздің тұтастығын, еліміздің Тәуелсіздігі мен егемендігін қорғауға, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын сақтауға, қоғамдық әділет пен заң үстемдігін нығайтуға кепілдік беру, сондай-ақ білім, ғылым, инновация мен мәдениетті дамыту, тазалықты дәріптеп, табиғатты қорғауды қамтамасыз ету,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жарлыққа сәйкес Ата заңымыздың мәтіні «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» мерзімді басылымдарына жарияланбақ. Ал бұған дейін қолданыста болған басты құжат Президенттік архивке жіберіледі. Сондай-ақ мемлекет басшысы «Президент туралы» және «Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заң жобасын енгізуді мәжілістің қарауына тапсырды. 7 сәуірге дейін Ата заңды ілгерілету жөніндегі жоспарды Президент Әкімшілігіне міндеттеді. Ал Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енбек.
А.Нәби
ФОТО: akorda.kz



