Аралда 60 пәтер берілді

Қызылорда облысы Арал ауданының орталығында 60 пәтерлік 30 тұрғын үй ел игілігіне берілді. Жаңа қоныстың кілтін өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтің өзі табыстады. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Арал ауданында құрылыс және инфрақұрылымдық жобалар жоспарға сай жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері 300 орындық «Келешек мектебі», «Руханият орталығы», қамқорлық және оңалту орталығы, әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арналған 150 пәтерлік 75 тұрғын үй, сондай-ақ теміржол үстінен өтетін көпір пайдалануға берілді.

Сексеуіл кенті табиғи газға қосылып, 300 орындық мектеп пен 40 төсектік аурухана ел игілігіне табысталды. Тоқабай ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория салынды. Сонымен қатар демеушілер есебінен апатты мектептің орнына тұрғызылған жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл ауыл жақында таза ауыз сумен қамтылды.
Ақшатау ауылындағы 60 орындық жаңа мектеп шәкірттер игілігіне айналды. Ақбасты және Ерімбетжаға ауылдарына таза ауыз су жеткізілді. Жақын күндері Абай ауылына ауыз су қосу жұмыстары аяқталады.
А.Орынғали








