Басты жаңалықтарТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ

Өскеменде әскер қатарында Түркістаннан келген егіз жігіт жүр

Өскемен гарнизонының 27943 әскери бөлімінде егіз сарбаз Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Екеуі Түркістан облысынан келген. Бұл туралы  KAZINFORM хабарлады.

Нұрсері мен Жансері Жақсан Түркістан облысының тумалары. Егіздер әскер қатарына шақырту келгенде бірге баруды ұйғарған. Сөйтіп, екеуі 27943 әскери бөліміне қабылданды.

«Бастапқыда рота, батальонның офицерлері Нұрсері мен Жансерінің егіз екеніне аса мән бермей, екі бөлімшеге бөліп жіберген. Кейін егіздердің біріне тапсырма берген командир орындалуын екінші сыңарынан сұратқан. Сол кезде ғана офицерлер егіздер туралы біліп, ағайындарды екі жаққа бөлмей, бір бөлімшеге орналастырды», — деп хабарлады Өскемен гарнизонының баспасөз қызметінен.

Егіздердің әскери борыштарын өтеп келе жатқанына жеті айдай уақыт болған.

«Нұрсері мен Жансері бірге қызмет етіп қана қоймай, әріптестеріне үлгі болып жүрген сарбаздар. Олар оқу полигондарында, күнделікті шаруаларда және жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде әрқашан бір-біріне арқа сүйеп, демеу болып келеді», — делінген ақпаратта.

Дәл осы әскери бөлімге таяуда тағы бір егіздер келген. Мәди мен Әли Романовтардың әскерге келген оқиғасы барлық жеке құрамды шабыттандырды.

«Мәдидің әскери борышын өтеуге аттанғалы жатқанын естіген Әли оқуынан академиялық демалыс алып, оның соңынан ерді. Егіздердің бірін-бірі қолдауы, бір-біріне деген құрметі мен ізеті ерекше. Нұрсері мен Жансері жас сарбаздарды ерекше ілтипатпен қарсы алды. Білгендерін үйретіп, қамқорлық та танытуда», — делінген хабарламада.

Басқа материалдар

Back to top button