Басты жаңалықтарБілім

Лагерьде жүрген жасөспірім жұмбақ жағдайда қайтыс болды

Балалар сауықтыру лагерінде жұмбақ жағдайда қайтыс болған 15 жастағы жасөспірім жөнінде тың ақпараттар шықты. Андрей Семенцовпен бір сыныпта оқыған құрбысы  «Евразия» телеарнасына эксклюзивті сұқбат берді. Оқушы қыздың айтуынша, марқұм сабақ кезінде «суицид» жөнінде көп айтатын дейді. Бірақ, оның өз-өзіне қол жұмсауына сенбейтінін айтады. Ал, Ішкі істер департаментінің мәліметінше, бала шомылуға тыйым салынған жерге түсіп, батып кеткен. Жасөспірім оқыған білім ошағының ұстаздары қандай да бір ақпарат беруден бас тартып отыр.

ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ:

«Бізге белгілі болғандай марқұм болған 15 жастағы Андрей Семенцов қаладағы дәл осы 28-орта мектепте 8- сыныпта білім алған. Қазір жаз мезгілі болғандықтан, оқушылардың барлығы демалыста. Ал, мектеп қызметкерлері болса, барлық жауапкершілікті Білім басқармасына сілтеп, қандай да бір жауап беруден бас тартып отыр».

Есімін атамауды өтінген марқұмның сыныптасы Андрейді өте жақсы танитынын айтады. Бірге емен-жарқын араласқан. Сыныпта өте белсенді болған көрінеді. Түрлі мектепаралық іс-шараларға қатысқан. Бірақ, соңғы кездері достарына әзіл-шынын араластырып суицид жөнінде көп сөздер айтқанын айтады. Дегенмен, өмірге қызығатын досының өз-өзіне қол салғанына сенгісі келмейді.

МАРҚҰМНЫҢ СЫНЫПТАСЫ: «Мен Андрей Семенцовтың сыныптасымын. Бірақ, мен мектепке жаңадан келгендіктен тек 1-ақ жыл бірге оқыдым. Бірден айтарым, ол өте жақсы бала болатын. Мектепте белсенді, үнемі көңілді жүретін. Осындай қайғылы оқиға орын алғанына әлі де сенбей отырмын «.

Туыстары болса, бүгін марқұмға арнап ас беріп жатқандарын айтып, мазаламауымызды өтінді. Ал, қайғылы оқиға болған аймаққа жауапты Ақмола облыстық ішкі істер департаменті өкілдері бұл жөнінде ресми мәлімдеме жасады.

АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ ІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ЖАУАБЫ «Бұл іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабы бойынша  (міндеттеріне адал қарамау)  сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.  Анықталғандай Семенцов А.Д.  «Арман» балалар сауықтыру лагерінде болған, үстіміздегі жылдың 9 шілдесі күні көлдің шомылуға тыйым салынған жерінде суға батып кеткен».

Сыныптасының айтуынша, марқұм болған Андрей Семенцов, бұл жазғы демалыс лагеріне жолдаманы өз қаржысына алған. Сондай-ақ, ол білім алған 8 сыныптан тағы бір досы сонымен бірге демалуға барған көрінеді. Бірақ, оны таба алмадық.

МАРҚҰМНЫҢ СЫНЫПТАСЫ: «Сондай-ақ ол мектепте өте танымал болатын. Мен әлі сыныптасымнан, досымнан айырылып қалғанымыз өкінішті. Ата-анасына көңіл айтамын. Кінәлілер табылып, жазасын алсын».

Досының кінәлілер табылып, жазасын алсын деуі бекер емес сияқты. Өйткені, оны әлдекімдер ұрып-соғып, сосын денесін суға тастап кеткен деген де долбарлар айтылған еді. Алайда, бұл факті әлі расталған жоқ. Ал, марқұмның неліктен тыйым салынған жерде шомылғаны әзірге анықталу үстінде. Тіпті, бұл жұмбақ істі облыстық прокуратура өз бақылауына алған көрінеді.Бірақ, марқұмның ата-анасы әлі күнге дейін тергеушілермен бетпе-бет кездеспеген. Қайғыдан қан жұтқан марқұмның әкесі бізге телефон арқылы баланың денесінде ісіктер мен жаралар болған. Ол Көкшетауға тек ертең аттанатынын айтты. Ал, бұл іске  Білім және ғылым министрілігінің өкілдері мардымды жауап бере алмады.

БИБІГҮЛ АСЫЛОВА – ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:»Бұл бізде лицензияланбайтын қызмет түрі. Сондай-ақ аталмыш ұйым білім берудің қосымша түріне жатады, яғни түрлі лагердегі үйірмелер, тіл орталықтары тағы басқа. Бұл қызмет түрі бәсекелестік жоғары орта. Мұның барлығын біз жан-жақты арнайы тексеріс кезінде сұрайтын боламыз».

Ата-аналар өз қолымен перзенттерін жерлемеуі қажет! Осылай бүгінде 15 жастағы Андрей Семенцовтың жұмбақ өлімі қоғамдық қызу пікірталас туғызды. Қайғылы оқиға 9 шілде күні «Арман» балалар лагерінде болған. Алдын-ала ақпараттарға сенсек, жеткіншек суға батып кеткен.

Басқа материалдар

Back to top button