Басты жаңалықтарБілімРЕГИОН
Ақтөбелік оқушылар 4 мың асықтан киіз үй құрастырды

Асық ойнаған — азбайды, озады. Мұны Ақтөбенің оқушылары дәлелдеп берді. Білімімен мыңды жыққан кіл мықтылар жиналып, асықтан үй «салды». Кәдімгі қойдың асығын кәдеге асырыпты.
Киіз үйдің макетін Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары дайындапты. Сонан соң төрт мың асықпен көмкерген. Шаңырағына дейін асықпен өрілген. Биіктігі 80 см, диаметрі – 1 метр. Туындыны 100-ге тарта оқушы 10 күнде құрастырған.
Салмағы 15 келіден асатын бұл «киіз үйге» Қазақстанның түкпір-түкпірінен Ақтөбеге сапарлап келген оқушыларда атсалысқан. «Туған жерге — тағзым» экспедициясына қатысушы әр оқушы өзімен бірге асық ала келген. Ерекше туындыны балалар ұлы ақын Абайдың 180 жыл мерейтойына арнапты.
«Ақтөбе, Тараз, Өскемен және Астана Назарбаев зияткерлік мектептерінен келген оқушылармен бір жағадан бас , бір жеңнен қол шығара отырып, жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей осы керемет конструкцияны жасап шығардық. Оқушылардың арасындағы бірлестігіне де әсер етті. Осы жобаның аясында біз өзімізге жаңа достар, жаңа байланыстар таба білдік», — дейді оқушы Ғани Телеағыс.
Зияткерлік мектеп дәліздің бір бұрышын осылай асық ойнайтын алаңға айналдырып қойыпты. Үзіліске шыққанда балалардың ермегі — асық. Әрі жасанды пластмасса емес, кәдімгі асықпен ойнайды екен. Асфальтта өскен қаланың балаларына ұлттық ойын таңсық емес екені таң қалдырды.
«Мектебімізде оқушыларымыз бос кезінде асық ойнау, тоғызқұмалақ ойнау, тағы да басқа ұлттық ойындарды жалғастыруда. Себебі, мектеп деген тек қана білім беру ордасы емес, бұл — ең біріншіден, тәрбиемен қоса, оқушылардың эмоционалды, психологиялық, әлеуметтік дағдыларын да дамыту өте өзекті», дейді мектеп директоры Қайырбек Буксукбаев.
Мектепте ұлттық спорт түрлерімен қатар, домбыра үйірмесі де бар. Жалпы, Ақтөбедегі зияткерлік мектебі оқушыларды жаратылыстану-математика бағытында дайындайды.
А.Нәби





