Нариман Төреғалиев барғалы Батыс Қазақстан облысында «бардак»

Нариман Төреғалиев облысқа әкім болып барғалы Батыс Қазақстанның шенеуніктері жүгенсіз кетті. Әсіресе, Жаңақала ауданындағы басшылар бірінен кейін бірі бірдеңе бүлдіріп жатса да, қызметінен кетпей, тайраңдап жүр.
Жуырда Жаңақала ауданының орталығы Жаңақала ауылының әкімі Ақан Қапановтың мемлекеттік мекеменің меншігіндегі тракторды ата-анасының шаруа қожалығына пайдаланып жүргені әлеуметтік желіде тарады. Қоғам белсендісі Айболат Букенов фейсбуктегі парақшасына жариялады. Ауылдан 40 шақырымдай жердегі қыстақта тұрған техниканы әлдекімдер көріп, таспалап алған. 5 маусымда әлеуметтік желіге салынған. Содан бері білгенін істеп жүрген әкімге ешқандай шара қолданылмаған. Ауырып қалыпты-мыс. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсалов та жарытып ештеңе айта алмады.
Ал мұның алдында осы ауданның әкімі Алпамыс Кушкинбаевтің қызметтік баспанасына пульпен басқарылатын қақпа салып алғаны да хит болып еді. Облыс басшысы Нариман Төреғалиев белсенділердің көзінше Жаңақала ауданының әкіміне қоңырау шалып ұрысқан сыңай танытқанымен, өңірдегі былық көбеймесе, азайған жоқ.
Ал жолға жауапты басқарманың қызметкері Айгүл Жеңісқызына тендер өткізудегі заңсыздықтары үшін сөгіс берілген. Алайда басқарама басшысы ол сөгісті алып тастап, керісінше елді мазақ қылғандай заңды бұзған адамға «үздік жұмысышы» деген марапат берген.
БҚО-дағы былық мұнымен бітпейді. Облыс әкімі аппаратының қызметкері Ербол Найзабеков мас күйінде рөлге отырып, бағдаршамда тұрған үш көлікті соққан. Салдарынан таксиде болған 18 жастағы студент зардап шегіп, ауыр жарақат алып, ата-анасы әділдік іздеп, журналистерден көмек сұрады. Ақпарат құралдары шулағаннан кейін ғана ішімдік құмар шенеунік қызметінен босатылды.
Жуырда тағы бір батысқазақстандық бұрынғы мемлекеттік қызметкер өңірдегі әділетсіздіктің кесірінен жұмыссыз қалып, ашынып фейсбукке пост жазды. Бөкей ордасы ауданында түрлі лауазымда болған Бисенбек Насимуллин аудан әкімінің орынбасарлығына өткізілген конкурстан не үшін өтпей қалғанын білмей жүргенін айтады. Бірінші, екінші кезеңдерде тізімнің басында тұрған үміткер байқау қорытындысында басқа бір тұлғаның жеңімпаз болғанына қайран қалыпты.
Су тасқыны кезіндегі үйлердің сапасы мен зардап шеккендердің баспаналарын бағалауға қатысты да оқтын-оқтын әлеуметтік желіге тұрғындардың жанайқайы шығады.
А.Нәби
Видео, фото Айболат Букеновтың парақшасынан алынды