Басты жаңалықтарМәдениет

 Қуғын-сүргін құрбанының кітабы шықты

Ертең Астанада қуғын-сүргін қасіретінің бұрын-соңды айтылмаған ақиқаты, еш жерде жарияланбаған тың деректері басылған үш томдық кітаптың тұсауы кесіледі.  

 2018 жылғы 1 маусымда, сағат 16:00-де  Еуразия ұлттық университетінің кітапханасына келіңіз! Тарихты түгендеп, ұлттың жоғын жоқтап жүрген жанашырдың, өлкетанушының, тарихшының бәрі осында.

Тарихты зерттеп, ғылыммен айналысамын деген студенттер, магистранттар үшін де таптырмас мүмкіндік, тың тақырып бар мұнда.

Үш томдыққа көрнекті ақын, ағартушы, философ, қазақ баспасөзін қалыптастырушы тұлға, дін қайраткері Ғұмар Қараштың (1875-1921) шығармалары толығымен жинақталып отыр.

 Жинақтың алғашқы томына ақынның көзі тірісінде шыққан жинақтарына шыққан, жарияланбаған «Қырғи» жинағындағы өлеңдері, ақынның мерзімді басылымдарда жарық көрген жыр шумақтары топтастырылды. Сондай-ақ Ғұмар Қараштың жинақтауымен басылған «Шайыр яки қазақ ақындарының басты жырлары» (Орынбор) және «Көксілдер яки бұрынғы мырза ұлы һәм ноғайлы батырлары уа ғейри (және әр түрлі) мағналы жырлар» (Орынбор) атты жинақтар да осы жерде толық түрінде берілді. Бұған қоса Ғұмар Қараштың ел аузынан жиналған, шәкірті Ахмади Есқалиев, зерттеушілер Мұстафа Ысмағұлов пен Гүлжау Сұлтанғалиева, немересі Надежда Қарашева жинақтаған бірқатар жыр туындылары қамтылды.

Шығармалар жинағының екінші томына ақынның әңгімесі, көзі тірісінде кітап болып шыққан «Ойға келген пікірлерім» (Орынбор, 1910), «Өрнек» (Үпі, 1911), «Бәдел қажы» (Қазан, 1913) еңбектері, ақынның мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалары топтастырылды. Жинаққа Ғұмар Қараш туралы ғалымдардың сараптама мақалалары да енгізілді.

Жинақтың үшінші томына ақын тағдырын тұңғыш рет жүйелі зерттеуші Мұстафа Ысмағұловтың, Гүлжау Сұлтанғалиеваның еңбектері, ақынның немересі Надежда Қарашеваның Ғұмар Қараштың өмірі мен шығармашылығы туралы орыс тілінде жазылған шолу мақаласы, Ғұмарды көріп-білген адамдардың естеліктері және Ғұмар Қарашқа арналған жыр-жоқтаулар берілді. Бұған қоса, ақынның өмір жолы мен шығармашылығына қатысты тың деректер де топтастырылды.

Ғ. Қараш үштомдық жинағының сыртқы мұқабасындағы ақынның суреті – 1918 жылы Үпі қаласында түсірілген тарихи суреттердің бірі. Кітаптың тік қырындағы QR-код арқылы қайраткер ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы толық мәлімет топтастырылған gumar.kz сайтына өтуге болады.

 

Таныстырылымның өтетін орны: Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті кітапханасының қызыл залы

Өтетін уақыты: 1 маусым, сағат 16:00

 

Сұрақтар бойынша: 8-777-132-22-44

Басқа материалдар

Back to top button