Түрмеге телефондарын жасырып кіргізбек болған азамат ұсталды
Шымкентте түрмеге тыйым салынған заттыалып өтпекші болған тағы бір заң бұзушылықтың жолы кесілді. Бұл туралы ҚР ҰҰ «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты қауіпсіздігі барынша жоғарғы №53 мекемесінде болған. Құқықтық тәртіп әскері сақшыларының қырағылығының нәтижесінде күдіктінің жымысқы әрекеті жүзеге асқан жоқ.
10 қазан күні сағат түскі 14.00 шамасында қызметін қырағы атқарып тұрған 2 атқыштар ротасының көлікті бақылап тексеру пунктінің кезекшісі ефрейтор Нұрғали Ислямов, қарауыл бастығының кинологиялық қызмет бойынша көмекшісі ефрейтор Нұрсұлтан Кермаш және сақшы сарбаздар қатардағы Архат Сламжанов пен Думан Әбдісаттаров мекеме қызметкерлерімен бірлесіп бақылау-өткізу пунктіне құрылыс материалдарын алып келген ГАЗЕЛЬ автокөлігін арнайы құралмен тексере бастайды. Оның әкелген ағаш және фанер тақталары жәй ағаш болмай шықты. Тақтайлардың арасына күдікті заттар жасырылған екен. Бұны сақшылар бірден байқап, тиісті адамдарға хабар берді.
Көліктегі күдік тудырған заттардың арасындатүрлі маркадағы 24 ұялы телефон, 7 сим-карта, 4 дана Airpods құлаққабы, 4 дана сымды құлаққап және 7 қуаттағыш құрылғы табылды.
Күдікті тыйым салынған заттарды ағаш материалдарының арасына мұқият жасырыпты. Алайда, қырағы көз қызметкерлер мұның өзін мүлт жібермей, дер кезінде анықтаған. Аталған факті бойынша тиісті іс-шаралар жүргізіліп, көлік жүргізушіні заңға сәйкес жауапкершілікке тарту қарастырылуда.