«Майдан» деп төгілген маңдай тер

Жеңіс – жалған ұран, әскер мен техниканың парады ғана емес. Бұл –тарихта өшпес із қалдырған, адамзат тарихындағы ең алапат, трагедияға толы жылдар. Жетім өскен бала, жесір қалған жар, боталап қалған ата-ананың көз жасы. Тарих ешқашан үнсіз жазылмайды. Бұл кезең – қатігездікпен, қара құсамен, ойды төрткүл дүниенің төрт тарабына жөнелткен сары уайыммен, меңіреу жарасымен есте қалады. Екінші дүниежүзілік соғыс – сондай уақыт. 80 жыл өтті. Бірақ, әлі күнге дейін әр көктемде майдан даласынан жеткен қара қағаздың мөрлі таңбасы өксік қысқанда, мәңгілікке кептеліп қатып қалғандай. Жеңіс – шолақ тонмен от жаққан, жұпыны жүрекпен жұбанған тыл халқының ерлігі. Бүгінгі қозғалатын әңгіме, көпшілік жырлайтын майдан шебіндегі ерлік емес, сол майданның май шамын өшірмей, отанды қорғауға жанын берген тылдағы тіршілік жайында. Себебі, Алатауды асқақтатамыз деп жүріп, Қаратауды төмендетуге еш қақымыз жоқ.
Соғыс басталғанда қолына қару алып майданға аттанбаған жұртшылық қарап қалмады, иыққа кетпенді іліп, қара жұмысқа бел шешіп кірісті. Кең далада жер жыртып, қажет десеңіз трактордың рөліне отырып, ауыртпалықты арқалаған қазақтың әйелі мен баласы – шен-шекпен, марапат, медаль алмады, сірә енді алмайтын да шығар. Тіпті, соған мұқтаж болмады. Себебі, ниеті салпыншақ тағу емес еді. Бірақ, жеңіс күнін жақындата түскен сол адамдар екенін ешкім жоққа шығара алмас. Мұның сыртында буы бұрқыраған өндірістің дені қазақ жеріне қоныс аударды. Мұнда да маңдай терін төккен қараша халық.
Соғыс басталғанда қазақ даласының тынысы күрт өзгерді. Ерлер атқа мінді, ал қалған жұрт – әйел, бала-шаға, шал-кемпір тылдағы «майданға» аттанды, еңбектің бұрқ-сарқ еткен қазанында қайнады. Шаруашылыққа жең түріп кірісті, егін екті, зауытта жұмыс істеді. Мәселен, 1944 жылы қолхоздағы еңбекке жарамды ерлердің үлесі небәрі 20% болған. Әйелдер – 58%, жасөспірімдер – 22%. Яғни, майданды азық-түлікпен, шикізатпен іс жүзінде әйелдер, балалар мен егде жастағылар қамтамасыз етті деуіміздің бір себебі осы. «Е-history» жобасының зерттеуінде, есіл еңбектің бір көрінісі анық жазылады. Соғыс жылдарында колхоздар мен совхоздар майданға тек азық-түлік емес, сонымен бірге тірі мал, тіпті, ауыл шаруашылық техникасын жөнелтіп отырды. 1942-1943 жылдар аралығында республика ауыл шаруашылығынан 4111 трактор, 1184 жүк машиналары, 30 318 жылқыны майданға жөнелтіпті. Соғыс жылдары егін салу жұмысының 50%-ын ірі қара малдың атқарғаны содан. Тылдағы жұрт жоғарыдан берілген жоспарды орындау барысында күні-түні еңбек етті. Мұның сыртында ел қорғауға аттанғандарға көмек болсын деп майданға 500 мың тонна астық, 70 млн пұт картоп пен көкөніс, 15 млн пұт ет жіберген.
Соғыс жылдары Қазақстанға 220-дан астам зауыт, фабрика көшірілді. Алматы, Шымкент, Қарағанды, Семей қалалары майдан өндірісінің тірек орталығына айналды. Қазақ жері еркінен тыс көшіп келген мыңдаған инженер мен маманға пана болды. Қазақстан КСРО-дағы қорғасынның 85%, мыс пен көмірдің 30–40% беріп отырды. Таңнан кешке дейін тоқтаусыз жұмыс істеген зауыттар, снаряд құйған пештер, оқ шығарған машиналар – бәрі де тылдың тынымсыз тіршілігі. Ал, сол станок басында тұрған бала – Отан үшін от кешкен боздақпен тең еді. Қолына қару алмаса да, тылдағы әр жан соғыстың алғы шебінде тұрды. Әңгіменің әлқиссасында айттық, тағы бір еске салайық. Бәлкім, олар медаль тақпаған шығар, әскери шеруде ел алдынан шеппен жүріп өтпеген болар. Бірақ, жеңістің шын рухы – солардың аузынан жырып берген асында, ошағында жанған отында, жанкештілігі мен ел мен ерлерге деген қамқорлығында жатыр.
Қазақстаннан 1,2 миллионнан астам адам соғысқа аттанып, жартысы оралмады. Осыдан-ақ, трагедияның өлшемін бағамдай берсеңіз болады. Біз жеңісті тойлаудан бұрын түсінуге тиіспіз. Себебі, зұлмат жылдар – қанмен жазылған шежіре. Жеңіс – бүгінгі тыныштықтың өтемі. «Майдан деп төгілген маңдай тер» деп атау қойып, сөз қозғап, соғыстың екінші қырын, көп жағдайда айтылмай қалатын тұсына арнайы тоқталып отырған себебіміз де осы.
Айбек Қосан



