Сатушы әйелді жағынан ұрған

Әйелдің жағынан жұдырықпен ұрған жігітті жабылып іздеп жатыр. Ақтаудың бір дүкенінде сатушыға қол жұмсаған есердің видеосы тарап кетті. Супермаркет ішіндегі бейнекамераның жазбасында клиент әуелі кассаға жантайып, екпінмен бірдеңені айтып тұрады. Сөйтіп күтпеген жерден келіншекті құлақ шекеден шірене тартады да, қашып кетеді. Қас пен көздің арасында не болғанын ұқпаған куәгерлер де серейіп тұрып қалыпты. Қайта абырой болғанда сатушы есін жоғалтпады, теңселіп барып, өз-өзіне келеді. Кейін көз жасын жеңімен сүртіп жатқанда видео да үзіледі. Ашуға булыққан желі қолданушылары жуан жұдырық адамды жерден алып, жерге салып жатыр. Посттың авторлары астындағы комментарийге маңғыстаудың полициясын тегтепті, бірақ сақшылар әзірге үн қатпады.
А.Орынғали
ФОТО: Ашық дереккөз