Басты жаңалықтарҚоғам

Қара жұмыстың қадірі

«Еңбексіз өмір — өліммен тең», — деген халық даналығы бар. Бұл сөздің мәні әсіресе бүгінгі күні өзекті, мағынасы терең екені сезіледі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл — Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бұл тек формалды науқан емес, қоғамда ұзақ жылдар бойы назардан тыс қалған бір үлкен әлеуметтік саланы қайта тірілтуге бағытталған маңызды шешім. Біздің мақсат қандай, қайда бара жатырмыз және еңбекті қалай бағалап жүрміз? Осы сұрақтар төңірегінде ой қозғасақ.

ЕҢБЕК АДАМЫ ДЕГЕН КІМ?

Еңбек адамы — бұл таңның атысынан, күннің батысына дейін адал еңбек етіп, терін төгіп, елдің күнделікті тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз етіп жүрген азамат. Бұл — жол жөндеуші, құрылысшы, аспаз, тракторшы мен токарь. Асыра сілтеп, артық айтқандық емес. Олар — қоғамның қозғаушы күші, бейбіт күннің батырлары. Мансап қуғандар емес, мамандығын шын сүйетін жандар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жайлы былай дейді: «Біз еңбек адамына құрметті күшейтуіміз керек. Қоғамның қозғаушы күші — қарапайым жұмысшылар. Ел дамуы осы еңбеккерлерге тікелей байланысты».

Расында да, зәулім үйлерді салатын, астықты орып, оны ұнға айналдыратын, суды тазартып, жарықты қосатын, қоқысты уақытылы әкетіп ауламыз бен көшеміздің таза ұстайтын — сол еңбек адамдары. Экономика мен тіршіліктің күретамыры — нақ осы мамандық иелері. Бірақ олардың еңбегі әрдайым лайықты бағалана ма?

ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҒЫНА ЖАСТАР НЕГЕ БАРҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ?

Бүгінде техникалық және жұмысшы мамандықты таңдайтындардың қатары сиреп кетті. Мектеп бітірген жас жоғары оқу орнына түсіп, кеңседе ақ көйлек киіп отыруды армандайды. Ал токарь, құрылысшы немесе электрик болу — екінші сортты кәсіп секілді қабылданады. Бұлстереотиптің бірнеше себебі бар:

• Жалақының төмендігі. Жұмыс ауыр, бірақ төлеммардымсыз. Әсіресе ауыл-аймақта еңбек адамының күкөрісі ауыр екенін кімнен жасырамыз?
• Қоғамдық көзқарас. «Жұмысшы — төмен тап» деген ұғым санаға сіңіп қалған. Бұрынғы кеңестікдәуірде «жұмысшы табы» ең құрметті саналса, бүгінде бұл мәртебе көмескі тартқан.
• Насихаттың әлсіздігі. Теледидар мен әлеуметтікжелілерден танымал блогерлер мен әншілер жиікөрінеді. Ал, қарапайым еңбек адамының өмірі мен жетістігі туралы әңгіме жоқтың қасы.
• Мамандыққа мақтаныштың болмауы. Жастардыңөзі таңдаған ісімен мақтануына мүмкіндік жоқ, өйткені ол мамандық туралы дұрыс түсінікқалыптаспаған.

«Еңбек ер атандырады» деген қазақ нақылы қазіртек ұран ретінде ғана айтылып, нақты тәжірибедежүзеге аспай отыр.

ҚАЙТПЕК КЕРЕК?

2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялау — ел ішінде үлкен бетбұрыс жасаудың алғашқы қадамы. Мұның аясында бірнеше нақтышаралар жүзеге аса бастады:

• Кәсіптік-техникалық колледждерге қолдаукүшейді. Заманауи құрал-жабдықтарменжабдықталып, оқу бағдарламалары жаңартылыпжатыр.
• Дуальді білім беру — яғни студенттің оқуынзауытта немесе кәсіпорында тәжірибеменұштастыру жүйесі кеңейіп келеді.
• Жұмысшы жастарға арналған мемлекеттікбағдарлама мен гранттар жүйесі іске қосылды.
• «Еңбек адамы» бейнесін көтеретін ақпараттықжобалар көбейіп жатыр — телебағдарламалар, деректі фильмдер.
• Жалақыны көтеру бойынша нақты ұсыныстарберіліп, кейбір салаларда бұл басталып та кетті.

Күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселелер уақытылы шешілмесе, бізге себебімен емес, салдарымен күресуге тура келеді. Қазірдің өзінде инженерлер, техникалық қызметкерлер, агрономдар, ветеринарлар және басқа да нақты салалық мамандықтар ерекше сұранысқа ие болып отыр. Бұл сұраныс келешекте тек арта түспек.Еңбек ресурстарын дамыту орталығыныңмәліметіне сүйенсек, 2030 жылға дейін ел экономикасына барлық бағыттар бойынша қосымша 1,6 миллион адам қажет болады.Қазірдің өзінде Қазақстанда техникалық және кәсіптік білімі бар 900 мыңға жуық маман жетіспейді. Жоғары білімі бар кадрларға қажеттілік– 430 мың адам. Бұл  Парламент қабырғасында талай көтеріліп, ашық айтылып отырған дерек. Демек, бұл тек білім беру жүйесінің емес, тұтас ел саясатының басты басымдығына айналуы тиіс мәселе.

НЕЛІКТЕН БҰЛ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ?

Жұмысшы мамандықтардың дамуы — елдіңиндустриалдық, аграрлық және экономикалықтұрақтылығы үшін маңызды. Қазіргі таңдакөптеген құрылыс нысандарында, ауылшаруашылығы саласында және өндірісте шетелдікжұмыс күшіне тәуелділік артты. Бұл — кадр тапшылығының айқын белгісі.

Егер осы бағытты дер кезінде қолға алмасақ өндірістұралайды, отандық экономика әлсірейді, әлеуметтік теңсіздік күшейеді.

Бұған қоса, еңбек адамына құрмет көрсету — қоғамның рухани тазалығы мен әділеттілігін көрсететін көрсеткіш. Еңбектің қадірі кеткен жерде — адами құндылықтар да төмендейді. Қазақ халқы ертеден-ақ еңбекті ұлықтап келген. «Еңбек етсең — емерсің», «Еңбек түбі — береке», «Еңбекпен ер көгерер» деген аталы сөздер бекер айтылмаған. Ендеше, сол ұлттық рухты жаңғыртып, еңбек адамын төрге оздыру — бүгінгі буынның міндеті.

ТОҚСАН АУЫЗ СӨЗДІҢ ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІНІ

Еңбек адамына құрмет — елге құрмет. Қарапайым жұмысшының еңбегі арқылы ғана елдің ертеңі қалыптасады. 2025 жыл — жұмысшы мамандықтардың емес, тұтас елдің еңбекті қайта қадірлеу жылы болуға тиіс.

«Байлық — байлық емес, еңбек — байлық»деген сөзді ұмытпаған абзал.

Айбек Қосан

Басқа материалдар

Back to top button