Басты жаңалықтарМәдениет

Ғашық болған жапон жігіті Секен Тұрысбековті іздеп келді

  «Оян» таңғы хабары жапон жігітінің арманын орындады.

 Жақында Арбатта концерт беріп, домбыраның қоңыр үнін әуелеткен  жапон жігітін алматылықтар жақсы таниды. Акира Такегучи шамамен бір ай бұрын Қазақстанға келіп, өз тыңдарманын қалыптастырып үлгерді. Дегенмен ұлттық аспаптың құлағында ойнайтын азаматтың арманы бөлек. Күйге, әсіресе «Көңіл толқынына» ғашық болған ол  композитор Секен Тұрысбековпен жүздескісі келеді.

 «Күйге деген өзге ұлттардың ғашықтығы, домбыраға деген махаббаты аударманы қажет етпейді ғой. Оған көкірек көз, құлақтың саңылауы керек. Сондықтан бұл кісілердің қазақтың үніне бояуына, қоңырлығына құштар болып жүргені бізді әрине қуантады. Сондықтан оркестрді де тыңдасын деген ниетпен алдында біз өз құрметімізді, сыйымызды, дәстүрімізді көрсетіп жатқан жайымыз», дейді С.Тұрысбеков.

Секен Тұрысбеков пен Акираның жүздесуі тек күймен шектелген жоқ. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі жапон музыкантына домбырада ойнаудың қыр-сырын көрсетіп, бірнеше кеңес берді.

«Бүгінгі кездесуден өте керемет әсер алдым. Қуанышымда шек жоқ. Оның бойынан нағыз қазақы рухты көрдім, үйреткен техникаларын да бірден жаттауға тырыстым. Бұл күнді ешқашан ұмытпаймын және осы тәжірибе маған келешекте көмектеседі деп ойлаймын», дейді жапониялық музыкант Акира Такегучи.

 «2008 жылы Жапонияға барғанымда… Олардың бір қызығы күй туралы қысқа-нұсқа аннотация сұрайды. Қандай күй болса да. Сол «Көңіл толқынын» ойнардың алдында күй «Семей Невада», Хиросима, Нагасакиге арналған дедім. Жыламаған жапон жоқ. Қайтадан «Көңіл толқынын» орындап беруімді өтінді. Сол жақта «Көңіл толқыны» күй әлеміндегі гимнге айналды. Солай қалыптасып қалған», деді Қазақстанның халық артисі.

А.Нәби

ФОТО: Ашық дереккөз

Басқа материалдар

Back to top button