Абақтыдан қашқан қылмыскер баласын емдету үшін ақша ұрлаған
Астанада тергеу абақтысынан қашып, елді дүрліктірген Ерасыл Арғымбаев ауру ағасы мен науқас баласын емдету үшін ақша ұрлаған. Бұл туралы оның әкесі Қайыргелді Арғымбаев мәлімдеді.
36 жастағы Ерасыл екі бүйрегінен айырылған ағасы мен жүрек ауруына шалдыққан ұлын емдету үшін ақша таба алмай тығырыққа тіреліпті.
«Сенің балаң да, ауру менің балам да ауру. Екеуінің біреуіне көмектесе алмаймын ба, соны түсініңізші деді. Ештеңеге ұрынып жүрме дедім. Аңсап туған Аңсар деген баласы жүрек дертімен дүниеге келді. Қайтсемде ақша табамын деп жүріп, банкоматты тонапты», деді әкесі Қайыргелді Арғымбаев.
(суретте Қайыргелді Арғымбаев)
Осы ұрлығынан кейін жыл жарым уақыттан соң Ерасыл Арғымбаев 6 жылға сотталған. 5 жылын өтеген кезде түрме қызметкерлерімен арада келіспеушілік болып, соңы төбелеске ұласқан. Осы оқиғадан соң колония басшылығы оның үстінен тағы іс қозғап, тергеу абақтысына жіберген. Әкесінің айтуынша, Ерасыл түрмедегі қорлыққа шыдай алмай тәртіп бұзыпты.
«Осындай тәртіпсіздігі үшін олар үстінен арыз жазған. Иттік қой бұл. Өздері тиісіп, өздері тәртіпке бағынбады деп тағы үш жыл берген. Артынан тергеу абақтысына әкеліп, онда да мазақ қылған. Әбден ығыр болған балам қашуға бел буған ғой» деп ашынып отыр әкесі»
Биіктігі 2,5 метр тергеу изоляторының қоршауынан қарғып шығып, құқық қорғау органын аяғынан тік тұрғызған Ерасылдың әрекетінен соң, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов «абақты ғимараты талапқа сай келмейді» деп мәлімдеді. Алайда, сенатор Дулат Құсдәулетов Ішкі істер министрінің бұл сөзімен келіспей отыр. Себебі, Астананың шетіне көшірілген тергеу абақтысының қолданысқа берілгеніне көп болмаған.
Тергеу абақтысынан қашқан Ерасыл Арғымбаев енді тағы үш жылға сотталауы мүмкін. Әділдік іздеген әке баласының қылмысын мойындағанымен, түрмедегі тәртіпті де қадағалау қажет деп отыр.