Басты жаңалықтар

Мемлекеттік күзет қызметінің қатары жас сарбаздармен толықты

Бүгін Мемлекеттік күзет қызметі Айрықша мақсаттағы күштерінің әскери бөлімдерінде 2024 жылғы күзгі шақырылым бойынша мерзімді әскери қызмет сарбаздарының Әскери ант қабылдау рәсімі болды. Бұл туралы  KAZINFORM хабарлады.

«Айбын» президенттік полкі әскери қызметшілерінің әскери ант қабылдау рәсімі Астана қаласындағы «Отан қорғаушылар» монументі жанындағы алаңда, ал «Батыр» президенттік полкі сарбаздарының осындай салтанаты рәсімі Алматы қаласындағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында өтті. Әскери ант қабылдау салтанатына жас сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысты.

«Барлығымыз үшін маңызды оқиға — сарбаздардың ант қабылдау рәсіміне куә болдық. Жас жауынгерлер «Отанымды қорғаймын» деп жауапкершілік алды. Бұл қасиетті борыш әр азаматтың парызы. Биыл Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің және Рейхстагқа алғаш ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толды. Сіздер осы батыр аталарымыздың жолын абыроймен жалғайды деп сенемін. Біздің қатарымызда сіздер әскери істің қыр-сырын үйренесіздер әрі үлкен өмір мектебінен өтесіздер. Жауынгерлік жолда бір-біріңізге серік, тірек болыңыздар! Антыңа адал бол, жас сарбаз!», — деді елордада өткен рәсім барысында Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары — Айрықша мақсаттағы күштердің қолбасшысы, генерал-майор Айтқұрман Омарбеков.

Мемлекеттік күзеті қызмет қатарындағы 2024 жылғы күзгі шақырылым бойынша мерзімді әскери қызмет сарбаздары еліміздің барлық аймағы мен республикалық маңызы бар қалаларынан іріктеліп алынған. Олар әскери бөлімдердің далалық оқу орталықтарында жаңа шақырылым сарбаздарын дайындау курсынан өтті.

Фото: Агибай Аяпбергенов/ Kazinform
Әскери ант қабылдау салтанаты — ерекше жауынгерлік рәсімдердің бірі. Ант қабылдау арқылы сарбаздар өздеріне Отанды қорғауға әзір болуға, әскери қызмет міндеттерін адал атқаруға жауапкершілік алады.

«Отан ананы қорғау ең асқақ парыз, абыройлы міндет екендігін біле отырып, бүгін біз — жас сарбаздар салтанатты түрде ант қабылдадық. Ант қабылдау Отанына, халқына адал болу, ел басына күн туса, оны ақтық демі қалғанша қорғау, қажет болса жанын қию деп білемін. Осылайша, біз ұланғайыр жерімізді „ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен“ қорғаған жаужүрек ата-бабаларымыздың ерлік жолын жалғастыруға, ел қорғаны болуға сенім арқалаған азаматқа айналдық», — деді ант қабылдаған жас сарбаз Асқар Серік.

МКҚ әскери бөлімдерінде мерзімді қызмет атқару барысында жас сарбаздар тәжірибелі нұсқаушылық құрамның жетекшілігімен әскери іске үйренеді, жауынгерлік және арнайы даярлық сабақтарында әскери мамандықтарды меңгереді.

Фото: Агибай Аяпбергенов/ Kazinform
Әскери ант қабылдаған соң мерзімді қызмет сарбаздары МКҚ Айрықша мақсаттағы күштері атқаратын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы мен Мемлекеттік елтаңбасы эталондарын күзету, Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін протоколдық іс-шараларға қатысу, күзетілетін тұлғалар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді міндеттерді орындауға кіріседі.

Мемлекеттік күзет қызметі Айрықша мақсаттағы күштерінің мерзімді әскери қызмет сарбаздары қатарына еліміздің 18 бен 27 жас аралығындағы, бойы 180 см-ден жоғары және 195 см-ден аспайтын, білімі орта білімнен төмен емес, денсаулығы жақсы кез келген азаматы қосыла алады. Жоғары білімді, спорттық жетістіктері мен разрядтары бар үміткерлерге басымдық беріледі.

Мерзімді әскери қызметті ҚР Мемлекеттік күзет қызметі қатарында атқару жас азаматтар үшін мықты ерлік мектебі болады. Олар мұнда өзінің өмірлік жолына қажетті маңызды дағдыларға үйренеді. Жастар үшін бұл кезең ары қарайғы мансап жолын жалғастыруға негіз, әлеуметтік лифт болуы мүмкін. Мерзімді әскери қызметті аяқтағандар қалауы бойынша қызметті келісімшарт негізінде жалғастыра алады. Одан әрі олардың арнаулы мемлекеттік органның қызметкері және офицері болып, күзетілетін тұлғалар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді атқару мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар МКҚ мерзімді қызмет сарбаздары үшін мерзімді әскери қызмет атқарған азаматтарды әлеуметтік қолдау бойынша Қазақстан Республикасында белгіленген барлық жеңілдіктер қолданылады.

 

Басқа материалдар

Back to top button