Жерасты мешітіне түскендер жамандықтан құтылады екен
Шымкентте жер асты мешітін ашқан азамат келушілер қатарын толықтыра алмай отыр. Этномұражайды тек шетелдік туристер ғана қызықтағанымен, отандық саяхатшылар аса көп келмейтін көрінеді. Сондықтан, жергілікті шебер бұл іске Үкіметтің араласуын сұрайды.
Кендебай Қарабдолов жер асты мешітін 2006 жылы қаза бастапты. Ойға алған жоспарын ешкімнің көмегінсіз, өз күшімен 9 ай дегенде аяқтаған. Мешіт 3 бөлмеден тұрады. Соның бірі 7 метр тереңдіктегі «Махаббат жазығы» бөлмесі. Шебердің айтуынша, қабырғаға маңдайын тигізген жан артық мінезден арылатын көрінеді. Өйткені таза топырақ адамның өн бойындағы жаман энергияны өзіне тартып алатын қасиетке ие екен.
КЕНДЕБАЙ ҚАРАБДОЛОВ, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ: «Отырудың қажеті жоқ, тұрғанның өзі жетеді. Алақанын тигізеді боймнан жаман нәрсе кетсін, жақсы нәрсемді қалдыр құдай деп. Аллаға жалбарынады, арада адам жоқ»
Жаз мезгілінде мұнда ауа температурасы 17 градустан аспайды. Ал, қыста салқын болады. Сол үшін бөлменің біріне шағын пеш орнатылған. Былтыр мұнда, алыс-жақын шет елдерден 500-дей турист келіпті. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін тамашалаған олар туристік бағытпен осында ат басын тіреген. Жалпы, елімізде мұндай жер асты қылуеті 21 жерде бар екен. Әзірге солардың соңғысы — Кендебай ағаның ауласында тұр.
КЕНДЕБАЙ ҚАРАБДОЛОВ, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ: «Негізінде қылует бірінші Орта Азияда Қ.А. Ясауидің қазған құлуеті. Бұл әлемге әйгілі белгілі құлует. Оның шәкірттері Бекет ата мен Шопан ата Маңғыстауда жатыр. Ол кісілер де жер асты мешітін салған. Ол жақта да бар. Бұл 2006 жылы дүниеге келді Алланың кереметімен. Мен соны орындауға мәжбүр болдым»
Шебер 3-ші бөлмені «Аспан мен жердің арасы» деп атайды. Ерекшелігі сол мұнда жарық төбедегі арнайы тесіктен түседі. Бұл бөлме әңгіме-дүкен құруға лайықталғандықтан, уақытымның басым бөлігі осы жерде өтеді,-дейді Кендебай Қарабдолов. Жер асты мешітінің жанында шеберхана бар. Онда қазақтың түрлі қолөнер бұйымдары жасалады. Соның бірі – қобыз музыкалық аспабы.
Әттегенайы, шебердің этномұражайына жергілікті халық сирек келетін көрінеді. Көбіне, алыс жақын шетелдер мен еліміздің өзге қалаларынан туристер ғана қатынайды. Солардың бірі Бану Иманғалиева этномұражайды тамашалау үшін Алматыдан арнайы келіпті.
БАНУ ИМАНҒАЛИЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:»Бұрынғы ата-бабаларымыздың қолынан шыққан қыш құмыралардың өте әсем шыққан түрлерін көріп жатырмыз. Өз қолымен қобыз жасайды екен. Бір қобызының үнін естідік, өте жақсы әсер қалдырды»
Кендебай Қарабдолов ұлттық қолөнерімізді насихаттаушылардың бірі. Ол бұл істі жалғыз емес, отбасымен бірге дәріптеп жүр.