Тасқыннан зардап шеккендер жаңа баспанасына толықтай қоныстанады
Су тасқынынан кейін тұрғын үй құрылысы мен қалпына келтіру іс-шараларына 251 млрд теңге бағытталды. Бұл туралы бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкімет басшысы Олжас Бектенов айтты деп хабарлайды KAZINFORM.
Биылғы су тасқыны елеулі шығын келтіргеніне тоқталған Премьер-Министр: «Өздерінің тұрғын үйлерінен 120 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. 67 570 адам өздерінің үйлеріне оралды. Қазір 3 952 адам эвакуациялық пунктерде қалып отыр. Жалпы, 12 мың жеке тұрғын үйді, 26 мың саяжай учаскесін су басты. 98 үйді әлі де су басып тұр», — деді.
Оның айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерді қолдау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. 33 141 отбасы 100 АЕК мөлшерінде өтемақы алды. Бұл тұрғыда бюджеттен 12 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
«Бағалау бойынша үйлердің жартысына жуығын жөндеу мен қалпына келтіруді қажет етеді. Жөндеуге қатысты өтемақыны 5 823 отбасы алды. 8 мың астам үй апатты деп танылды. Апатты болған үйлер бойынша шығынды өтеудің екі нұсқасы бар. Біріншіден, қайталама нарықта пәтер немесе жеке тұрғын үй сатып алу ескерілген. Бұл өз кезегінде жедел тәртіпте осы проблеманы шешіп, отбасыларға баспана беруге мүмкіндік жасайды. Алайда кейбір адамдар бұл ұсынысқа келіспей жатыр, яғни жаңа баспана салып беруді сұрады. Қазір 3 155 отбасы баспанасын алып үлгерді. Сонымен қатар, әр өңірде 2 049 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы, тұрғын үй құрылысы мен қалпына келтіру іс-шараларына 251 млрд теңге бағытталды. Бұл қаражат қайырымдылық көмек пен бюджет қаржысы есебінен құралды», — деді О. Бектенов.
Сонымен қатар ол тасқын кезінде энергия жүйесінің 2 300-ден астам бағаны жарамсыз деп танылғанын айтты. Электр энергиясының 54 шақырым желісі үзілген. Қазір оның 40 пайызы қалпына келтірілген.
«Жолдардың жағдайына тоқталсақ, су тасқыны кезінде республикалық әрі жергілікті маңыздағы 290 учаскеде көлік қозғалысы шектелді. Қазір Атырау облысындағы бір учаскеден басқа барлық жолда қозғалыс қалпына келтірілді. Аталған бір учаскеде су тартылғаннан кейін, қозғалыс жанданады», — деді Үкімет басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, биыл көктемде 39 білім беру нысанын су басты. Соның арасында 18-іне ағымдағы жөндеу, 11-іне күрделі жөндеу жасалады. Ал 9 нысан жарамсыз деп танылып, жаңадан салынады. Тағы бір білім беру нысанына қатысты зерттеу жүріп жатыр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша күн суытқанша аталған өңірлердегі адамдар жаңа баспаналарына толықтай қоныстанады, сондай-ақ инфрақұрылым нысандары қалпына келтіріледі», — деді Премьер-Министр.
ФОТО: Ашық дереккөз