Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованың қалай қайтыс болғанын айтты (видео)
Азаматтық некедегі әйелін өлтірді деген күдікпен істі болған Қуандық Бишімбаевқа қатысты тағы сот отырысы өтіп жатыр. деп хабарлайды Halyq Uni.
Бишімбаевтың айтуынша, Салтанат Нүкенова және оның құрбысы үшінеуі «Қазақстан» орталық концерт залына концертке барған. Сол жерде екеуінің арасында жанжал шығып, концерт аяқталмастан шығып кеткен. Артынша BAU мейрамханасына келіп, бірнеше сағат бойы әңгімелескен.
00:30 шамасына «кетемін» деп айтты. Таксиді кімнің шақырғанын білмеймін. Төменгі қабатқа түстік, бір уақытта ол тоқтады. Сол жерде бір сағат сөйлестік. Кеткелі жатырмын деп, кетпеді. Ғимараттан шықтық, ол жерде де бір сағат тұрдық. Сол сәтте үйге баруды ұсындым. Ол (Нүкенова – ред) ешқандай шешім қабылдамады. Бес сағат бойы бір әңгімені айтумен болды. Бір сәтте менің көлігіме қарай шамамен 5 минут жүрдік. Сол уақытта мен берген сыйлықтарды айта бастады. «Уайымдама, бәрін қайтарамын» деп көңіліме тиді, — дейді Бишімбаев.
Екеуінің арасында жанжал көліктің ішінде жалғасқан. Артынша Нүкенова мейрамханаға қайта кіруді ұсынған. Ал ол уақытта мейрамхана жабылып қалған, алайда асхана арқылы екеуі VIP залға кірген.
Бір уақытта Салтанат айғайға басты. Ол уақытта мейрамханада жұмысшылар бар еді. Ешкім естімеуі үшін дәретхананың ішіне кіруді ұсындым. Ішіне кіріп, еденде отырдық, — дейді Бишімбаев.
Айтуынша, жанжал кезінде екеуі бір-бірінің жейдесін жыртып тастаған.
...Өзінің жейдесі жыртылғанын көрген соң ашулана бастады. Мені әрі қарай ренжіткісі келіп, киімін шешіп, маған лақтырды. Бұл киімді 8 қарашада сатып алған едік. Осы кезде өзімді ұстай алмай, бірнеше рет шапалақпен салып жібердім. Ол шегінді. Бәрі өте тез болды. Ол шалбарын да шеше бастады. Мен арқа тұсынан кеп ұстадым. Мен оны жіберген сәтте шалбарын шешкісі келіп, тепе-теңдікті сақтай алмай, қабырғаға соғылды. Содан кейін бетімен унитазға құлады. Соққы қатты болды. Артынша еденге құлап түсті. Осындай екі соққы алды. Мен бәріне қарап тұрдым. 10-15 секунд осындай күйде жатты, — дейді Қуандық Бишімбаев.
Ол нақты қанша уақыт өткенін айта алмайтынын, ештеңе істемей, болған жағдайға қарап тұрғанын айтады.
«Баяу тұра бастағанында оған көмектескен жоқпын. Сағат пен неке сақинасының унитаз ішінде жатқанын көріп, «ішінен ал» дедім. Ол алды. Тепе-теңдікті сақтай алмай тағы бетімен құлап түсті. Дәретхананың есігінен қарап тұрдым. Екінші рет көтерілгісі келгенінде көмектестім. Екі рет құлағаннан кейін, қабырғаға сүйеніп отырды. Иек тұсынан қан аға бастағанын көрдім», — дейді ол.
Айтуынша, Нүкенованы сондай жағдайда қалдырып кеткен. Залдан шылым шегуге шыққан.
Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованы 9 қараша таңертең ұрып-соққаны туралы айтты.
…Лифтіден шыққан кезде мен VIP залға қарай, Салтанат дәретханаға қарай кеттік. Менің артымнан дөрекі сөздер айтты. Бұл мені ашуландырды, себебі бұған дейін ол үндемей келген еді. Бұрылып, жанына келдім. Шашынан ұстап, төрт рет шапалақпен ұрдым. Ол құлап түсті. Мені ашуландыру үшін әдейі істеп жатқан-жатпағанын білмедім. 3-4 рет жамбас тұсынан тептім. «Тұр» деп айттым. Ол тұрмаған соң, шашынан ұстап көтердім, — дейді Бишімбаев.
Біраз уақыттан кейін Бишімбаев туысы Байжановқа хабарласып, аспирин және кетонал әкелуін сұраған.
«Сағат 13:30 шамасында ояндым. Салтанат жанымда жатты. Оятуға тырыстым, бірақ оянбады. Бетінің сол жағы көгергені, мұрны ісіп кеткені анық байқалды. (…) Басынан жұдырықпен ұрған жоқпын, тепкен жоқпын. Байжановқа хабарласып, аспирин және кетонал әкелуін сұрадым. Сол кезде Салтанаттың телефонын іздедім, көліктің кілтін де таба алмадым. Жәбірленуші (Айтбек Амангелді – ред.) Салтанаттың телефонын бақылап отыратынын ойлап, бір жарым күннен бері «Гастро орталықта» екенімізді көрген соң сол жерге келеді деп ойладым. Бақытжанға (Байжанов – ред.) көлікте киім бар екенін айттым. Кілт те, Салтанаттың телефоны да көлікте екен», — дейді Бишімбаев.
Бишімбаев Байжановтан камералардағы видеоны өшіруді сұрағанын, қызметкерлерді таратқанын да растады.
Салтанат ол кезде тірі еді. Видеоны кез келген күзетші телефонына түсіріп, басқа жерге жіберуі мүмкін еді. Көпшілікке жария болғанын қаламадым. Оны ұрып-соққаным да түсірілген. Сол себепті видеоны өшіруді сұрадым, — дейді ол.
Бір кезде Бишімбаев Нүкенованың ауыз қуысы арқылы тыныс алып жатқанын байқаған.
«Байжанов Салтанаттың жағдайын сұрады. Ол жедел жәрдем шақыруды ұсынды. Көрікпелдің сөзі есіме түсті (Бишімбаев әйелі оянбай жатқан кезде себебін білу үшін көрікпелген хабарласқан – ред), кешке оянуы керек деп айтқан еді. Осы кезде сағат 4 шамасы болған. (…) Тағы да кездесуге кетіп, жарты сағаттай сол жақта болдым. Салтанатқа келіп, оятуға тырыстым. Кешкі 6 шамасында қорылы басылған екен. Шығып, Бақытжанға айтып, тамақ ішіп алайық дедім. Сағат 6:40 кезі еді. «Бара бер», «оянатын шығар» деп Байжановты жібердім. Оянған кезде саған айтамын, сен келіп бізді апарып тастайсың деп айттым. Салтанатқа келсем, беті суып кеткенін байқадым. Қорқып кеттім. Бетін ұстап көрдім, температурасы өзгергенін байқадым. Бақытжанға кері қайт дедім. Тамырын ұстап, жүрегі соқпай тұрғанын айттым. Ол да соны айтып, жедел жәрдем шақыруға жүгірді», — дейді Бишімбаев.
Бишімбаевтың айтуынша, артынша Нүкенованың қайтыс болғанын түсінген.
ФОТО: Ашық дереккөз