Бір шаңырақ астындағы 30 жыл: Ассамблея жайлы аз-кем әңгіме

ТАҒДЫРЛЫ ИНСТИТУТ
«Қазақстан – көп ұлтты мемлекет» деген сөзді біз бала кезімізден жаттап өстік. Бірақ бұл жалған ұран емес, тарихи шындық. Кеңес заманында түрлі себептермен Қазақстанға күштеп көшірілген, жер аударылған, ерікті-еріксіз келген сан түрлі халықтар осы жерде өмір сүріп қалды. Сол кезеңнің салдары – біздің қазіргі этностық әртүрлілігіміз.
Ал енді сол әртүрлілік – тәуелсіз Қазақстан үшін сынақ па, әлде сый ма? Бұл сұрақ 1990 жылдардың басында тым өткір тұрған еді. Жауап іздеудің бір жолы ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Ол кезде бұл бастама уақытша механизм ретінде қабылданғанымен, бүгінде оған 30 жыл толып отыр.
АССАМБЛЕЯ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Қазақстан халқы Ассамблеясы – 1995 жылы 1 наурызда Президент Жарлығымен құрылған консультативтік-кеңесші орган. Ол еліміздегі этностар арасындағы бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуді мақсат тұтты. Алайда уақыт өте келе Ассамблея тек этностар өкілдерінің басын біріктіретін алаң емес, мемлекеттік идеологияның да бір тірегіне айналды.
2007 жылдан бастап Ассамблея Мәжіліске 9 депутат ұсыну құқығына ие болды. Бұл – заң шығару процесінде этностардың дауысы естілуі тиіс деген идеяның көрінісі.
НЕЛІКТЕН ДӘЛ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЖЕТ БОЛДЫ?
Себебі тәуелсіздік алған сәтте Қазақстанда 130-дан астам этнос өкілі өмір сүріп жатты. Кеңес Одағы ыдырағанда көптеген елдерде этностық қақтығыстар басталды: Грузиядағы Абхазия мен Оңтүстік Осетия, Молдовадағы Приднестровье, Әзербайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабақ соғысы – бұлар нақты мысал. Қазақстан осындай қайшылықтарға ұрынбай, бейбіт жолды таңдады.
Ассамблея осы қауіптердің алдын алу үшін құрылды. Яғни, ол — этностар арасында өзара сенім көпірі, мемлекеттілікті сақтау тетігі, ұлттық қауіпсіздіктің жұмсақ, бірақ маңызды құралы болды.
БАСҚА ЕЛДЕРДЕ МҰНДАЙ ОРГАН БАР МА?
Ассамблея – әлемдік тәжірибеде сирек кездесетін институт. Әрине, көпэтносты мемлекеттер көп: Үндістан, Ресей, Бельгия, Канада, ОАР, Сингапур. Бірақ олардың көбінде этностар арасындағы диалог — саяси бәсеке, квота немесе заң арқылы реттеледі.
Қазақстандағы ерекшелік – этностар диалогы бір алаңда, мәдениет пен келісім аясында жүргізіледі. БҰҰ мен ЮНЕСКО сарапшылары Ассамблеяны бірегей «қазақстандық модель» ретінде бағалады. Бұл — мақтаныш, бірақ сонымен қатар, жауапкершілік.
АССАМБЛЕЯ НАҚТЫ НЕ ІСТЕЙДІ?
Ассамблея жұмысының негізгі бағыттары:
- Этномәдени бірлестіктермен жұмыс – олардың тілін, дәстүрін, мәдениетін сақтауға жағдай жасау;
- Медиация – этностар арасындағы дау-дамай болса, бейбіт жолмен шешу;
- Азаматтық бірегейлікті қалыптастыру – «Қазақ елі – ортақ Отан» деген түсінікті сіңіру;
- Заң шығару процесіне қатысу – Мәжіліске депутаттар ұсыну арқылы;
- Ғылыми-ағартушылық қызмет – Қазақстанның бірлік моделін насихаттау;
- Мемлекеттік тіл мен ұлттық идеяны қолдау – этностар қазақ тілін үйренуіне мүмкіндік жасау.
АССАМБЛЕЯ ЖҰМСАҚ КҮШ ПЕ?
Иә, Ассамблея — классикалық мағынада «soft power», яғни мемлекет идеологиясын қоғамға зорлықсыз, насихат арқылы сіңіретін құрал. Ассамблея сахнасында айтылатын «Бір халық – бір тағдыр», «Мәңгілік Ел», «Ұлы Дала елі», «Біз – бір шаңырақ астындамыз» деген ұғымдар — жай ғана поэтикалық тіркестер емес. Олар арқылы азаматтық тұтастық, этностық емес, ұлттық бірегейлік қалыптасып келеді.
Бұл — әсіресе урбанизация, жаһандану, миграция үдей түскен қазіргі кезеңде аса қажет бағыт. Жастар арасында «этнос емес, азаматтық ортақтық» ұғымы күшейіп келеді. Ассамблея осы құндылықтарды дарытуға тырысады. Бұл жайлы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Ассамблея сессиясында былай деген еді: «Қазақстан халқы Ассамблеясы – бұл этносаралық келісімнің бірегей үлгісі ғана емес, халқымыздың тарихи даналығы мен жауапкершілігін көрсететін орган. Біз – бір елдің азаматымыз. Бұл – біздің басты байлығымыз».
ТҰРАҚТЫЛЫҚ — КЕЗДЕЙСОҚ НӘРСЕ ЕМЕС
Тәуелсіз елде бейбітшілік пен тұрақтылық — табиғи нәрсе сияқты көрінеді. Алайда бұл – ойластырылған саясаттың нәтижесі. Этностық алуантүрлілік – қай мемлекетте де сынақ. Ол уақытында басқарылмаса, қоғамда жік-жікке бөлінушілік, тіпті жанжалдарға алып келуі мүмкін.
Қазақстанда бұндай оқиғалар болған жоқ. Себебі Ассамблеяның арқасында этностар арасында ұйымдасқан диалог алаңы бар. Әр ұлт өзін осы елдің азаматы, осы қоғамның бір бөлшегі ретінде сезінуге мүмкіндік алды. Бұл – кездейсоқ жетістік емес, саяси шешім, тарихи таңдау.
Бүгінгі таңда Ассамблея:
- Қоғамдағы радикал пікірлерге тосқауыл болатын идеологиялық қорған;
- Этностар мен мемлекеттік органдар арасындағы сенім дәнекері;
- Қазақстандық біртектілікті этностық емес, азаматтық негізде қалыптастыратын құрылым.
Саяси тұрақтылық дегеніміз – тек тыныштық емес. Бұл – сенімге негізделген қоғам. Ассамблея осы сенімді қалыптастырып, дамытып келе жатқан институт.
АССАМБЛЕЯ АЛҒА ЖЫЛЖУЫ КЕРЕК
30 жылда көп жұмыс атқарылды. Бірақ, болашаққа жаңа мазмұнмен қадам басатын уақыт келді. Бүгінгі қоғам Ассамблеядан жаңа серпін күтеді.
- Ассамблея жастармен жаңа тілде сөйлесуі керек: подкаст, TikTok, Instagram Reels форматтарымен байланыс орнатуы қажет.
- Этностар мәдениетін сақтап қана қоймай, олардың қоғамдағы шынайы әлеуметтік рөліне, интеграция проблемаларына араласуы тиіс.
- Мемлекеттік тілді үйренуге серпін беру – басты міндет болуы тиіс. Бұл – ортақ тілсіз ортақ бірлік болмайтынын ұмытпауымыз қажет.
- Ассамблея халықпен бірге өзгеруі керек. Өйткені бірлік дегеніміз – тек кешегі өткенді еске алу емес, бүгін бірге өмір сүру. Жаңа ұрпақ үшін бұл институт ескірген кеңестік формадан алыстап, шынайы қоғамдық күшке айналуы тиіс.
Қорыта айтқанда «ассамблея қажет емес, институт ретінде жойылу керек» — деп, мәселенің байыбына бармаған, геосаяси ахуалдан хабары жоқ адам ғана айтуы мүмкін. Дүниенің дидары бұзылып, заманың түлкі болып тұрғанда, тазы болып шалмасаң, тағдырдың таразысынан желінетінің анық. Сондықтан, Абайша айтсақ, «Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар, Көңілінің көзі ашық, сергек үшін». Бір шаңырақ астындағы 30 жылды бір саралап, сол талаптыларға арнап ассамблея жайлы аз-кем әңгіменің шетін шығарып отырған себебіміз де осы.
Айбек Қосан



