Астаналық шенеуніктің жұбайы Нұрбигүл Егізова карантин тәртібін бұзды
Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиевтің жұбайы Нұрбигүл Егізова 3 мамыр күні инстаграмм желісіндегі парақшасына елордадағы сән салондарының бірінде түскен видеосын жариялаған, деп хабарлайды jurnalist.kz
Салонда шашын боятып, «өз-өзіме келдім» деп ағынан жарылған актриса желі қолданушыларының ашуын келтірді. Оқырмандар бас қаладағы шаштараздардың 4 мамырдан бастап қана жұмысқа шығатынын айтып, «актриса карантин режимін бұзды» деп айыптауда.
Осы орайда Фейсбук әлеуметтік желісінің белсенді қолданушысы Гүлбану Әбенова былай деп жазды. «Дәл осы мемлекеттік қызметкерлер Президенттің Жарлықтарын орындауға, заңнан аттап өтпеуге шақыра отырып, азаматтарға үлгі болуы тиіс.
Бірақ, бүгінгі видеоға қарағанда, әкімнің орынбасары Алтынбек Қайсағалиевтің әйелі заңға бағынбайтын сыңайлы».
Бас қала әкімі орынбасарының жұбайы да үнсіз қалған жоқ. Өзін сынағандарға күйінішпен жауап берді. «Кейде бірнеше жасқа үлкен апайлардың жасаған тірлігіне қарап, қарным ашады. Аузына келгенді айтып, қолынан келгенше жазып жатады. Өзін қатты ақылды санайды өйткені. Содан не ұтам деп ойлайды екен? Ал, ренжітті адамды, Ал, жылатты. Содан жақсы болып кетемін дей ме екен? Алдымен біреуге ор қазбас бұрын, өзіңді ойлағаның дұрыс шығар» деп жауап қалдырған. Алайда Нұрбигүл Егізова бұл жазбасын біраз уақыттан соң өшіріп тастаған.