Басты жаңалықтарСаясат

Қазақстанның қорғаныс әлеуеті қай деңгейде?

Әскери техника импорты: Қазақстанның қорғаныс әлеуеті қай деңгейде?  Биыл Қазақстан әлем елдерінің қорғаныс әлеуетін зерттеуге арналған Global Firepower рейтингінде 58-орынға тұрақтады. Бұл – өткен жылғы межеден 4 саты жоғары әрі Орталық Азия мемлекеттері арасындағы үздік көрсеткіш. Статистика мәліметі ашық дереккөздерге жарияланғаны сол еді, қазақ қоғамында қорғаныс әлеуеті төңірегінде талқы қайта қызды. Әсіресе, саралауды қажет ететін сауал көп. Бұл туралы  Kazinform хабарлады.

«Әскери техниканы модернизациялау қалай жүргізіліп жатыр?», «Неге қорғаныс саласындағы импортты әртараптандыру біржақты?», «Бюджет көлемін ұлғайтуға кедергі қайсы?»

Қару-жарақ импорты 30 пайызға азайған

Алдымен елдегі әскери техника паркіне назар аударайық. 30 жыл ішінде 4 мыңнан астам әскери техника әкелінген. Басым бөлігі — жауынгерлік тікұшақтар, зениттік зымырандар мен броньды автокөліктер. Дүркіндетіп ататын ракета жүйесі мен артиллерияларды модернизациялау жүйелі жүргізіліп келеді. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, биыл ҚР Қарулы Күштеріне 500 әскери техника қосылып, 50 техника жөндеуден өткен. Жыл соңына дейін «Арлан», COBRA II броньды көліктері мен SUNQAR тактикалық ұшқышсыз кешені, EVOMax жүйесі әкелінбек.

Дегенмен статистикада алшақтық сезіледі. Стокгольмдегі бейбітшілікті зерттеу институтының ақпаратына сенсек, елдегі әскери техника импорты 6 жылда 30 пайызға кеміген. Қазақстан 2012-2018 жылдары қару-жарақ сатып алуға 1,5 млрд доллар жұмсаса, 2018-2024 жылдары 900 млн доллардан аспаған.

2020 жылдан бері қорғаныс саласына бөлінетін бюджет динамикасында өсім бар. Тіпті, 2022 жылы 49,4 пайызға бір-ақ ұлғайды. Биыл да аз емес – 1,3 трлн (8,8% өсім). Сонда қару-жарақ импортының құлдырауына не себеп? Әскери сарапшы Ермек Сейтбатталов бөлінген бюджеттің бағытталған құрылымында қате барын айтады.

– Бірішіден, қаражат жұмсайтын бағыттар, салалар айтарлықтай маңызды болуы қажет. Бізде бөлінген қаражатты ұсақ-түйек, маңызы жоқ істерге бөлу байқалады. Екіншіден, бөлінген қаражатты талан-таражға салып, сыбайлас жемқорлықтың жемтігі қылатын әдет бар. Осы аталған екі бағыттан аулақ болу керек, – деді ол.

Ескеретін жайт, Қазақстанда ІЖӨ-нің 0,68 пайызы ғана қорғаныс саласына бөлінеді. Саясаткерлер дамыған мемлекеттерде ІЖӨ-нің 2-3 пайызға жуығы әскери салаға жұмсалатынын айтып, қаржыны қайта қарауды ұсынған. Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи бұл көрсеткішті 1 пайызға жеткізу керегін мәлімдеген болатын.

Импорт иірімі: қатарға Қытай, Израиль, Испания, Түркия қосылды

Кейінгі онжылдықта әскери техника паркі біршама жаңарды, толықты. Бұрын негізгі әскери технологиялардың ірі экспортері – Ресейге ғана бет бұрып, өзге мемлекеттен бірді-екілі қару-жарақ алумен ғана шектелетін. Қазір импорт саясаты әртараптанып, қатарға Қытай, Израиль, Испания, Түркия секілді елдер қосылды. Мысалы, Израиль ұшқышсыз ұшу аппараты, оптикалық-электрондық барлау, байланыс құралдарын жеткізсе, Испания С-295 тасымал ұшағы мен барлау және байланыс құралдарын саудалады. 2015 жылы Қытай Wing-Loong дроны, «әуе-жер» класты Blue-Arrow 7 зымыраны және C-295, Су-30МК, Ми-35М әскери ұшақтарын жеткізді. Оған қоса, қорғаныс саласында америкалық Bell205, еуропалық H145, EC145 тікұшақтары мен Түркия, Израиль, Канаданың броньды автокөліктерінің саны мол.

Дегенмен Қазақстанға қару-жарақ тасымалдаушы елдер арасындағы негізі үлес әлі де Ресейде – нарықтың 94 пайызын алады. Оған мысал, ҚР Қарулы Күштерінің негізгі шабуылдаушы Ми-24 (25 тікұшақ) пен Ми-35 (12 тікұшақ) тікұшақтары Ресей Федерациясынан әкелінген. 2015-2022 жылдары 16 Ми-35М әскери тікұшағы, 2002-2016 жылдары 40-қа жуық Ми-17 тасымал тікұшағын жеткізгенін білеміз. Ал өткен жылы көрші елден Су-30МК және Тор-М2К әуе шабуылына қарсы қорғаныс кешені әкелінді.

Айта кетейік, бірнеше ай бұрын Ресейден 6 Су-30СМ жойғыш ұшағын сатып алдық. Ашық дереккөздерге сенсек, әуе кемесі Қазақстан тарапының тапсырысы бойынша Иркутск авиация зауытында жасалған. Жоспарға сәйкес жойғыш ұшақтар Шымкент қаласындағы №602 авиация базасына жеткізіліп, ондағы ескірген МиГ-29-ды алмастыруы қажет.

Осы орайда әскери сарапшы Ермек Сейтбатталов Ресеймен қорғаныс саласындағы сауда біржақты ұстанымға құрылмауы керек деген пікірде.

– Шетелден алынған бірен-саран қару-жарақты санамасақ, біздегі әскери техниканың көбі — Кеңес Одағынан мұраға қалған ресурс. Ресейден әкелінген қару-жарақ, сайман, оқ-дәрінің өзі – әзірлену технологиясы тұрғысынан кеңестік идеяның жұрнағы. Сондықтан Ресей зауыттары шығаратын өнімдердің тактикалы-техникалық сипаттамасына сәйкестігін қарау керек, – деді сарапшы.

Айтылған уәжге келіспеске болмайды. Мысалы, елдегі 140-қа жуық МиГ-23, МиГ-27, Су-24, МиГ-25, L-29, L-39 және Су-17 жойғыш-бомбалаушы ұшақтары кеңестік кезеңнен бері бар.

Стокгольмдегі бейбітшілікті зерттеу институтының мәліметінше, 2019-2023 жылдары Ресейдің сырт елдерге қару-жарақ тасымалы 53 пайызға азайған. Олар 5 жыл бұрын 31 елге техника саудаласа, қазіргі деңгей – 12 мемлекет.

Түркия НАТО үлгісіне бастар жол ма?

Сарапшылар әскери техника импортын әртараптандыру кезінде еуропалық, әсіресе НАТО үлгісіне басымдық берілгенін қалайды. Бұған дейін Франциямен тізе қосып радиолокациялық қондырғы әзірленсе, Түркиямен дрон өндірісінде келісім жасалды. Ендігі меже – сапа мен санды қатар дамыту.

– ҰҚШҰ-ға мүше болуымыз өзге елден қару-жарақ алуға бөгет жасамауы маңызды. Қазір Қытай, Израиль, Түркиямен байланыс бар. Бұл тұрғыда ескеретін жайт, қару-жарақтың қосалқы бөлшегі өзімізде жасалса, техникалық қызметті отандық мамандар жүргізсе екен. Сондай-ақ құрылғылардың басқару бөлігіндегі нұсқаулар толық мемлекеттік тілде жазылуы шарт. Бұл қадам импорт келісімі алдында ескерілуі орынды. Сонда ғана мамандарды үйрету жеңіл, – деді Ермек Сейтбатталов.

Сарапшылар Қазақстанды НАТО-ның әскери стандартына жетелейтін бір ел болса, ол – Түркия деген ойда. Мұны мемлекеттің қорғаныс саласындағы халықаралық келісімдер бағдарына қарап айтып отыр. Мәселен, өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға жасаған сапарында әскери саладағы ынтымақтастыққа баса тоқталған болатын. Кейін Түркия Президенті Режеп Ердоғанның: «Қазақстанмен әскери, қорғаныс өндірісі бойынша әріптестікті арттыру маңызды» дегенін білеміз. Нәтижесінде «TUSAŞ» және «Kazakhstan Engineering» компаниялары «Anka» соққылаушы дрондарын Қазақстанда шығару туралы келісім жасады, Türk Havacılık ve Uzay Sanayii (TUSAŞ) компаниясы да баламалы зауыт салуды көздеп қойды. Қазір «ASELSAN» әскери электроника құралдарын шығаратын кәсіпорын жұмыс істеп тұр.

 

Басқа материалдар

Back to top button