Мұрат Әбенов: Дариға Нұрсұлтанқызы үлкен саясатқа оралмауы мүмкін
Экс-депутат, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов журналист Нартай Аралбайұлымен онлайн сұхбат барысында осылай деді.
«Дариға Нұрсұлтанқызы қандай қызметке тағайындалуы мүмкін?» деген сауалға ол беделді саяси тұлғаның ешқандай қызметке тағайындалмауы мүмкін екенін айтты.
«Тағайындалмауы да мүмкін. Жалпы саяси тұрғыдан қарағанда біраз мықты саясаткерлерді білемін. Келеді, айтатынын айтады, сосын біраз уақытқа кетіп қалады. Бірақ саясаткер болып қала береді. Тікелей бір қызметке отырмай, саясат жүргізе беруге де болады».
Сондай-ақ Мұрат Әбенов бүгінгідей саяси ауыс-түйіс кезінде өз ойын, болжамын ашық айтудан қашқақтайтын саясаткерлерді сынға алды.
«Бізде саяси талқылау жүйесі дұрыс дамымаған. Келген адамды қатты мақтап жіберіп, кеткен адамға сөз тигіземін бе деп қорқатындар бар. Жалпы алдағы уақытта біздің саяси мәдениетті үлкейту керек деп өзім ойлаймын. Қазір біз ашық демократиялық мемлекет болуға мәжбүрміз. Бұл мәдениетті біз қалыптастыруымыз керек. Және бүгін қызметке келгендер сол мәдениетті қалыптастырушылар болуы керек деп ойлаймын».