«Евразия» телеарнасы 20 жылдығын атап өтті
Еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Паутина» бағдарламасын көреді екен. Бұл туралы министрдің өзі кеше «Евразия» бірінші телеарнасының 20 жылдығына арналған салтанатты кеште мәлімдеді.
Отандық масс-медиа саласында өзіндік орны бар телеарна кеше Астанада 20 жылдығын тойлады. Кешке қатысқан мәртебелі меймандар арасында сенатор Дариға Назарбаева бастаған бірқатар депутаттар бар. Сондай-ақ, ресейлік «Первый каналдың» бас директоры Константин Эрнст те келіпті.
Евразиялық тілшілер Үкіметті қанша сынап жүрсе де, Вице-премьер Ерболат Досаевтан бастап бірқатар министрлер 20 жылдыққа арналған дастарханның төрінен табылды. Олардың қатарында Тамара Дүйсенова, Елжан Біртанов, Арыстанбек Мұхамедиұлы, Дәурен Абаев бар.
Арна тілшілеріне айтқан құттықтауының соңында «Телеарнаның ерекшелігі бар. Әр бағдарламасы қызықты, рейтингі жоғары. Қалғанын сосын айтамын. Бағдарламалардың ішінен «Паутинаны» көремін, деді министр Дәурен Абаев.
Сонымен қатар, мерейтойлық дастарханға Нұржан Мұхамеджанова, Арманжан Байтасов, Ләззат Танысбай, Қанат Сахариянов, Дархан Қыдырәлі секілді отандық бұқаралық ақпарат құралдарының қазіргі және бұрынғы басшылары да шақырылған.
Роза Рымбаева, Игорь Николаев, Нұрлан Абдуллиндер ретро әндерімен кештің сәнін келтірді. «Азия MIX» КВН тобы да осы жерден табылды.
Биыл «Евразия» телеарнасы «Басты Бағдарлама», «Пендеміз ғой», «Заң сөйлесін», «Қалаулым» секілді рейтингі жоғары бағдарларламалармен толықты.