Жұлдыздар неге Семейге кетті?
Семей қаласында Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXVII республикалық театр фестивалі басталды. Шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен және Қазақстан театрлары ассоциациясының ұйымдастыруымен өтуде.
Фестиваль алдымен театр және кино жұлдыздарының БАҚ өкілдерімен кездесуінен басталды.
Қазақтың кино және театр өнерінің жарық жұлдызы Әмина Өмірзақованың қасиетті Семей топырағынан шығуы тегін емес. Өйткені, қазақ театрының түп тамыры, алғашқы театрланған қойылым М.Әуезовтің «Еңілік-Кебек» пьесасы негізінде Ойқұдық жайлауында көрерменге жол тартқан болатын. Баспасөз конференциясында журналистер тарапынан өнер саласына қатысты көкейде жүрген сауалдар қойылып, қазақ театр өнерінің бастауы «Ойқұдық» жайлауына мәдени, тарихи ескерткіш қойылса деген тың идея тасталған болатын.
«Ойқұдық — қазақ театр өнерінің алтын бесігі. Қарлығаш тәрізді қанатын осы Ойқұдық жерінен қақты. Бұндай мәселені үкіметке қаратып қоймай елден, жерден шыққан қалталы азаматтар өздерінің ауылдарына көмектесіп жатады. Сондықтан, біздің театрымыз киелі Семей өңірінің азаматтары тарапынан қолға алынса, нұр үстіне нұр болғалы тұр. Ойқұдықты театр әлемінің қара шаңырағына айналдырып жатсақ, өте жақсы болар еді. Ойқұдық дала театры деп, жылына бір рет сонда бас қосып отырсақ, театр саласын одан әрмен дамытар едік» — деді Қазақстан театрлары ассоциациясының Вице-Президенті Асхат Маемиров.
Фестивалдің ашылу салтанатында қазылар алқасы мен 12 театр ұжымы қызыл кілеммен жүріп өтті.
«Қымбатты бауырлар, қандастар! Ұлы Абай елі. Бұл киелі жерге біз тәу етіп, оң аяғымызбен аттап келеміз. Өткенді ұмытпай, арғыдан келе жатқан дәстүрімізді жалғап, халыққа өнерімізді паш етсек біздің мақсатымыздың орындалғаны. Әмина апамызбен бірге жүрдік, бірге жұмыс істедік. Ұлы Шәкеннің досы еді. Екеуі қатар отырғанда елді күлкіге қарқ қылатын. Әмина — ұлы актриса. Әмина апа, Сәбира апа, Қадиша апа, Шолпан, Бикен, Зәмзәгүл… Дүниеден осындай ұлы актрисаларымыз өткен. Әрқайсысы бір төбе. Әрқайсысына фестиваль арнасақ артық етпейді», — деді фестивальдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов.
Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXVII республикалық театр фестивалі көрермен назарына 6 күн бойы сапалы қойылымдарын ұсынбақ.
А.Орынғалиұлы