Қазақстандықтардан ұшаққа отырарда COVID-19 анықтамасы талап етілмейді
Бүгіннен бастап әуе тасымалының жолаушылары ұшақ бортына отыру үшін ПТР-тест тапсыру міндетті емес. Бұдан былай қазақстандықтардан коронавируспен ауырмайтыны туралы анықтама талап етілмейді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бұған дейін енгізілген талапты алып тастау туралы Көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Сәдуақас Байғабылов мәлімдеді.
Маманның айтуынша, анықтаманы енгізу кезінде жағдайдың үнемі бақылауда болатыны айтылған. Егер жолаушылар арасында ауру жұқтырудың саны артпаса, онда анықтамадан бас тарту туралы келісім болған. Қазіргі уақытта дәл сол жағдай орын алып отыр. Медициналық дәрігердің сөзінше, рейстерге рұқсат берілген уақыттан бастап жолаушылардан да, экипаж мүшелерінен де коронавирус жұқтырған бірде-бір жағдай тіркелмеген.
«Осыған байланысты биыл 11 мамырдан бастап жолаушылар, әуежай қызметкерлері мен экипаж мүшелерінің коронавирусты анықтау үшін ПТР-сараптамадан міндетті түрде өту туралы талап өз күшін жойды»,– деп мәлімдеді Байғабылов.
Санитар дәрігердің қаулысы қабылданды. Сондай-ақ, анықтаманың күшін жою санитарлық және карантиндік талаптарды жоққа шығармайтыны да айтылды. Жолаушылар қашықтықты сақтап, сауалнамалар толтырып, қорғаныс маскаларын тағуы керек. Сонымен қатар, шығарып салушылар терминалдарға жіберілмейді.