Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер
Осындай тақырыппен 10-11 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында семинар-тренинг өтті. Семинарға әр облыстан 30-дың үстінде журналист қатысты. БАҚ өкілдерінің басын қосқан шараның ұйымдастырушысы «Түркі тілдес журналистер қоры» қоғамдық ұйымы.
Екі күн бойы белгілі медиа-тренерлердің дәрістері өте тартымды әрі қызықты өтті. Журналистік этика, журналистің құқығы мен ықпалы, әлеуметтік жобалардың ұйымдастырылуы мен консепциясы туралы кеңірек тоқталған «Қарекет»бағдарламасының продюсері Самал Мейрамқызы эфирдегі әлеуметтік хабарлардың рейтингісін көтеру жолдарын атап айтты. «Қарекет» бағдарламасының сүйекті деген шығарылымдарынан мысал келтіре отырып, қоғамда резонанс тудырған тақырыптарды талқыға салды.
Түркі тілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямерген әлеуметтік желілердің ықпалын айта келе, әлеуметтік жағдай дендеп тұрған қоғамда журналистің құқықтық жағынан сауатты болуын баса айтты. Жас та босла заң саласында тәжірибесі бар Ұлыбританиядағы Оксфорд университетінің құқықтану магистрі (Oxon MJur) халықаралық дәрежедегі заңгер Халида Әжіғұлованың журналистермен кездесуі сәтті әрі пайдалы болды. Заманауи технология қарыштап дамыған қоғамда күн сайын өзгеріп жатқан терминдер мен олардың міндеттері әсіресе БАҚ саласындағы қызметкерлерге әбден керек. Журналистік зерттеу кезінде шындық қана негізге алынуы тиіс. Журналистік санасының азат болуы да көп жерде шешуші рөл атқарады. Өйткені тәуелсіздік, әділдік, адамгершілік, жауапкершілік пен этикалық қағидалар қалам мен қағаз ұстағандардың ұстанымы болуы шарт. Осындай мәселелерге тоқтала келе Халида Әжіғұлова журналистің өз жазбаларының ақпараттық қауіпсіздігін сақтау туралы да мысалдар келтірді. Тақырыпқа орай «fake news», «fact-cheking», «trolling», «hate speech» терминдерінің мәні ашылды. Медиа-тренерлердің топ-топқа бөліп, тапсырма орындатуы өткен дәрістің жемісін берді.
Семинардың екінші күні тәжірибелік жұмыстарға көңіл бөлінді. Журналистер әсіресе ұялы телефонның мүмкіндіктеріне қанықты. Медиа-тренер Айбар Қасен осы бағытта біраз ақпараттар берді. Auda city, VSDC, Cogi, List Note сияқты қосымша бағдарламалар арқылы соңғы жаңалықтарды, аудио және фото, видео негізде тез таратуға болатын мүмкіндіктерін көрсетті. БАҚ өкілдеріне ең қажет дүние жазып алынған аудио сұхбаттарын жедел түрде монтаждау сияқты тәсілдер тың ақпарат болды.
Ақпараттық технологиялар қарыштап дамып бара жатқан мына заманда IT саласын дамытпасақ, дамыған 30 елдің қатарынан көріну бізге жай арман боп қалары анық. Өйткені, өркениетті елдердің барлығы осы сандық жүйеге көшіп, өнеркәсібінің дамуын және халқының әл-ауқатын жылдан-жылға жақсартып келеді. Семинарда әріптестерімен арнайы кездескен «Ulys» цифрлық журналының бас редакторы, белгілі журналист Ержан Қалымбай бұл журналдың қазақ медиа тарихында үлкен жаңалық екенін айтып, журналдың маңыздылығы мен артықшылығы жайлы сөз қозғады.
Бас қала төрінде, Жұмбақтас қонақүйінің кең залында өткен екі күндік семинар-тренингтен БАҚ өкілдері ақпарат қоржындарын мол олжамен толықтырды. Әр қатысушыға түркітілдес журналистер қорының арнайы сертификаты табыс етілді. Журналистердің біліктілігін арттыруға бағытталған семинарға қаржылай қолдау көрсеткен «CHEVRON» компаниясы. Айта кету керек мұндай семинар-тренинг бұдан бұрын Алматы қаласында өтті. Ақпарат майданында жүрген журналистер үшін уақытпен үндесу қажет. Ол үшін осындай тренингтер көбірек өткізілсе, журналистер тек қана сөзбен емес іспен де қоғамға пайда тигізері сөзсіз.
Гүлжан Абайқызы