Кейбір белсенді, патриот депутаттар білім министріне тағы жұмыс тауып берді
Мәжілісмен Бақытбек Смағұл қазақ тіліндегі оқулықтардың қателігін тізіп, министр Күләш Шәмшединованың атына сауал жолдады. Депутаттың сөзінше, қазіргі қолданыстағы оқулықтардың басым бөлігі орыс мектебінде оқитын шәкірттерге арналған. Ішіндегі мысалдар, материалдарда соған бейімделген. Аудармаларын оқушы тұрмақ, мұғалімдердің өзі түсінбей қиналуда. Тіпті, бір автордың қолынан шыққан кейбір пәндердің қазақ және орыс тіліндегі мәтіндері сәйкес келмейді екен.
-Шаңғышы мен велосипедшінің ұшу жылдамдығын анықта» делінген. О заман да, бұ заман, велосипедші мен шаңғышының ұшқанын көрген жоқпыз. 135 бет, 5-ші тапсырмада Дори, Нори, Ори деген қазаққа жат есімдермен мысалдар келтірген. Жаттығуға мысал болатын қазақтың аты жоқ па? 7-ші тапсырмада «вид транспорта» деген артық сөз жүр,- деді Бақытбек Смағұл.
Депутат сондай-ақ, оқулықтардағы ұлттық тәрбие, ұлттық идеология мәселесінде мысалға келтірді. Мәселен, ұлттық валютамызды теңге деп жазудың орнына «KZ» деп көрсете салған. Ал 4 сыныптың әдебиеттік оқу кітабындағы тағы бір тапсырмада «Рататуй» деген шетелдік мультфильмін көріп, оның мазмұнын айтып беруге міндет қойылып отыр. «Оның орнына төл тілімізде берілген туынды жоқ па? деген мәселені көтерді депутат.