Алтыншаш Жағанова екінші рет тұрмысқа шығуының себебін айтты

Жуырда белгілі әнші Қарагөз Сүлейменова бала кезінде ата-анасы Асқар Сүлейменов пен Алтыншаш Жағанованың ажырасуынан психологиялық соққы алғанын айтқан еді. Жанар Байсемізге берген сұхбатында Қарагөз Сүлйеменова «Әкемнен ажырасып, 11 айдан кейін қайта тұрмысқа шығып кетті» деп анасы Алтыншаш Жағанова туралы да бар шындықты жария еткен.
Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен осы сұхбаттан кейін жазушы, драматург Думан Рамазан инстаграм парақшасында Алтыншаш Жағанованың пікірін жариялады.
Белгілі қоғам қайраткері, қаламгер Алтыншаш Жағанованың Асқар Сүлейменовтен ажырасуына отағасының отбасына өте жауапсыз қарағаны себеп болған.
-Мен жұмысқа кеткенде ол ұйқтап жатады, келгенде үйде болмайды. Таң ата келеді. Отбасы, балалары не ішіп, не киіп жатыр, шаруасы жоқ. Шыдап бақтым. Көп нәрсені айтпай-ақ қояйын (қазір керегі не?) Талантты жазушы екенін мойындасам да, отбасын құратын азаматтың қатарынан емес. Төзуге, шыдауға тырыстым,-деген Жағанова екінші жұбайы Әнес Сараймен қалай шаңырақ құрғанында жасырмаған.
Екеуі 7 жыл «Жазушы» баспасында әріптес болған. Әнес Сарайда әйелінен ажырасқаннан кейін екі жарты бір бүтін болып, отау құрған екен. Алғашқы балалары ДЦП болып, 3,5 жасында шетінеген. Кейін Сайлан есімді екінші ұлы дүниеге келген. Ал бірінші жұбайы Асқар Сүлейменовтен туған Қарагөз бен Әлішерді әкесінің таланатын бойларына сіңіріп, есті болып өскендерін айтты.
Әнес Сарай екеуі қосылғаннан кейін қиындықтар кездескен. Әсіресе шығармашылық ортада «Асқар Сүлейменовтің әйелін алды» деген секілді пікір, көзқарастар болыпты.
Айта кетейік, Алтыншаш Жағанова мемлекет және қоғам қайраткері. Жазушы. Кезінде «Қазақстан әйелдері» журналының бас редакторы болды. Еліміздің көші-қон және демография агенттігінің төрағасы қызметін атқарды. «Руханият» партиясын басқарды. Әр түрлі лауазымды қызмет атқарды. 1943 жылы Ақмола облысы Астрахан ауданында туған.
А.Нәби
ФОТО: Ашық дереккөз




