Басты жаңалықтарТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫЭкономика

Жетісайдың қауыны пісті

Еліміздің өзге өңірлері  «Құралайдың» салқыны кетіп, жердің қызғанын күтіп жүргенде, жер емген жетісайлық бағбандар алғашқы өнімдерін жинап жатыр.  Қауынның өзін экспортқа шығара бастаған.
Жетісайдың шаруалар биылғы жылы 79,3 мың гектар суармалы жердің 43 мың гектарына – мақта шитін сепсе, 16,7 мың гектар жерге –бақша, 7,5 мың жерге –дәндік жүгері, 3,6 мың га жерге – көкөніс, 6,7 мың гектар алқапқа – мал азықтығы дақылдарын еккен. Бұл туралы Түркістан Өңірлік Коммуникация Қызметі хабарлады.
Бүгінгі күнде көкөніс дақылдарынан 36 мың тонна өнім жиналған. Одан бөлек, егістік алқаптарда егілген қауынның алғашқы өнімі пісіп те үлгерген. Соңғы 15 жылдан бері диқаншылықпен айналысып келе жатқан жетісайлық шаруа Әл-Фараби Күзенбаев Ж.Ералиев ауылдық округіндегі 50 гектар жеріне қауынның «Нұр-Бакинка» және «Дампера» сорттарын ексе, 250 гектарына мақта шитін сепкен. Жылдағы әдеті бойынша биыл да бақша өнімдерін өзгелерден ерте нарыққа шығарып отыр. Енді сұранысқа сәйкес Ресейге 100 тонна қауынды экспорттап жатыр. Бағасы келісіне 400 теңге.
«Биыл қауынымыз жылдағыдан сәл ертелеу пісті. Сұраныс та жақсы. Ағын судан тапшылық сезілмеді. Алғашқы өнімдерімізді Ресейге экспорттап жатырмыз. Ешқандай делдалсыз өнімді егістік басынан өзіміз көліктерге тиеп, жібереміз» дейді шаруа қожалығының төрағасы.
Бүгінде 30-ға тарта жергілікті тұрғынды жалдап, күніне 8–12 мың теңге аралығында ақы төлеп отырған Әл-Фараби Анарбайұлы орта есеппен гектарынан 400 центнерден өнім алуды жоспарлауда.
А.Нәби

Басқа материалдар

Back to top button