Жолсерік пойызда танысқан қызды іздейді
Қазақстандық ер адам 20 жыл бұрын пойызда танысқан аруды іздестіріп жатыр. Бұл туралы sputniknews.kz хабарлады.
1995 жылы 20 жастағы жолсерік Ержан Алматы-Мәскеу бағытындағы пойызда бойы аласа, қараторы қызбен танысады. Жолаушының есімі шамамен Гуля. Жастар арасында осы сәтте махаббат оты тұтанады. Бұл туралы толығырақ Ержанның інісі Абзал Әбілов айтып берді.
Араға уақыт салып Гуля Ержанға одан жүкті екенін жеткізген. Абзалдың айтуынша, Ержан сол сәтте Гуляға ашумен ауыр сөздер айтып қойған.
«Соңғы кездесуде ару түсік жасатпайтынын айтқан екен», — деп бөлісті ол.
Кейін Ержан бригадасымен бірге Алматы-Атырау бағытында жүретін пойызға ауысады. Араға бірнеше жыл салып ер адам түсінде жылап әкесін шақырып жатқан баланы көреді.
«Ол әйелдің мекенжайын білмейміз. Оралда немесе Ақсайда (Батыс Қазақстан облысы — Sputnik) тұрып жатқан болуы мүмкін. Полицияға бармадық. Ағам сол әйел мен баласын тауып, оларға қамқор болғысы келеді. Ол өз әрекеті үшін өкінеді және қатты алаңдап отыр», — деді Ержанның інісі.
Бүгінде Ержан әйелі және балаларымен бірге Алматы қаласында тұрып жатыр. Әйелі оның бұрынғы танысын іздеп жүргеніне қарсы емес.
Абзал Әбілов пойыздағы әйелді білетіндерден +7 778 555 57 86, +7 771 444 22 22 нөмірлеріне хабар беруді сұрады.