Басты жаңалықтарҚоғам

Қызылордада маньяк жүргені рас па?

Әлеуметтік желіде тараған осындай ақпарат қызылордалықтардың үрейін ұшырды. Өткен аптада өңірдің екі ауданында сұмдық қылмыс тіркелді. Шиеліде 10-шы сыныпты бітірген жасөспірім қыздың мәйіті су арнасынан табылса, Жаңақорғанда 20 жастағы жігіттің өлі денесі құдықтан табылды. Осыдан кейін ел арасында Сыр өңірінде қаскөй жүр деген шу шыққан. Бұл туралы «Евразия» телеарнасы хабарлады.

 

Қызылорда облысы, Шиелі ауданында үйінен шығып кеткен 16 жастағы қыздың мәйіті су арнасынан табылды. Бір тәулік бойы ізім-ғайым жоғалған жасөспірімді сол маңның тұрғындары айдында жалаңаш жатқан күйінде көрген. Қазір елді дүрліктірген жағаұстатарлық жағдайға байланысты полицейлер іс қозғады. Күдікті ретінде бір ер адам ұсталды.

-Қыздың өліміне қатысты күдікті адам ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды. Ол Шиелі ауданының тұрғыны екені анықталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән жайын анықтауға бағытталған жедел тергеу шаралары жүргізілуде,- деді облыстық полиция департаменті тергеу бастығының орынбасары Асылбек Бексейтов.

Адам өліміне қатысты тергеп-тексеру Жаңақорған ауданында да тіркелді. Жиырма жастағы Мейіржан Рүстемнің мәйіті су құдығының ішінен табылған. Марқұм жоғалмас бұрын ауладағы сәкіде түнеген екен. Себебі екі күн бұрын үйлеріне ұры түсіп, сейфте тұрған ақшаны алып кеткен көрінеді. Қылмыскерлер қайта келу мүмкін деген Мейіржан сол күні далаға жатуды жөн көрген. Ал ертеңгісін ер жігіт жоғалып кеткен. Бір тәулік іздеуден соң жақындары оны құдықтың ішінен тауыпты.

— Көрпесі болады. Сол көрпеге тұншықтырған. Ол бір адамның ісі емес, шығарып салар сәтінде баламды бір көріп қалайыншы дедім. Сол кезде көрдім мына жерінінң барлығы көгерген дақ тұр. Ол жаны демінен шығам дегенше алысқан ғой бір екі-үш адаммен алысқан ғой, ұрған,-деді марқұмның анасы Кенже Дүйсенбиева.

Марқұмның отбасы тергеушілердің жұмысына көңілдері толмай отыр. Бірінші күдікті ретінде Мейіржан Рүстемнің әкесі қамалыпты. Одан соң оны жіберіп, құзырлы орган өкілдері тергеуге марқұмның кенже інісін алыпты.

-Ең әлсіз 15 жастағы баламды осы тұрғанда қамап отыр. Дәлел бар ма жоқ па айтпайды. Бес сағат оны қорқытады әке шешесіз. Балам қазір білмеймін не болып жатқанын. Соған келіп тұрмын, кеше де келгенмін бүгін тағыда келіп тұрмын,-деді марқұмның әкесі Ғани Жұппарбаев.

Қайғыдан қан жұтқан отбасы өлі баласын жоқтаумен емес тірі ұлдарын арашамен әлек. Айтуларынша кенжелері бұл қылмысты жасамады дейді. Осы екі қылмыстан соң әлеуметтік желілерде «Қызылордада маньяк жүр» деген қауесет шықты. Полиция өкілдері мұны шындыққа жанаспайтындығын айтып, жалған ақпарат таратқандар заңмен жауапқа тартылатынын жеткізеді.

Басқа материалдар

Back to top button