Атырауда қайын жұртын қырды деп күдікке іліккен жігіттің соты басталды

Әйелімді тартып алып, балаларыммен бопсалады. Бүгін Атырауда қайын жұртын қынадай қырған күдіктіге қатысты сот басталды. Судьяның алдында сөз алған қаскөй қанды қылмысқа не үшін барғанын жеткізді. Сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы тұтас елді дүрліктірген жайттың жай жапсарын баяндады. Сұмдық оқиғаның сіз білмейтін тұстарын «Еуразия» телеарнасы хабарлады.
Бүтін бір отбасының ойранын шығарған қаскөй бүгін еңсесін еденнен екі елі көтере алған жоқ. Сот залында да мемлекеттік айыптаушы сөзін бастағаннан-ақ құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Күдікті алдымен қаладағы қайын ағасын өлтіріп, ауылдағы ата-енесіне қонаққа барыпты. Сол кездегі жанжалдың соңы енесін жер жастандырумен аяқталған. Одан соң қайын атасын да аямапты.
-Сарайдың кіреберіс бөлмесіне шығып, сарайға кіріп келе жатырған Қарабалинді сол жерде күтіп алып, қолында болған ас үй пышағымен соңғысының денесінің кеудесінен, арқасынан және қолдарынан бірнеше бағыттап ауыр соққылар жасаған .Соққы салдарынан Қарабалин еденге құлап, оқиға орнында тілге келместен қаза болған,- облыстық прокуратураның басқарма аға прокуроры Мирас Бауыржанов.
Марқұмдардың денесін сарайда жерлеп, тігісін жатқызғасын қалаға қайта келіпті. Сөйтіп, тамақтың жоқтығын айтып жекіген қайын апасын о дүниеге аттандырған. Ол аздай өмірден өткендердің атына несие рәсімдеп, қорадағы соңғы саулығына дейін сатып жіберіпті. Ал жәбірленушілердің туыстары қандықол күйеу баланың қанпезерлігін әлі де түсіне алар емес.
– Білмеймін не үшін қаныпезер болғанын…
— Құда жақтарыңыз сіздерге хабарласып, келді ма кешірім сұрап?
— Ешқандай біреуі де хабарласқан жоқ.
— Бұған дейін қалай араласатын едіңіздер?
— Бұған дейін де ондай көп араластығымыз болған жоқ,- деді марқұмдардың туысы Әдемі Мұқанғалиева.
Ал Сәрсемалиев соттың алғашқы күнінде қайын жұртын қаралай сөйледі. Ата-енесі бес баласын әкесінен бөліп, әйелі солардың сөзіне көніп, шаңырағы шайқалыпты. Ақыры отбасымен ажырастыруға жасаған қысастығына қасақана қастандықпен жауап берген.
СНХ: ((СҰЛТАН СӘРСЕМАЛИЕВ, СОТТАЛУШЫ
-Осы қылмыстың барлығы сол, әйелімді менен тартып алып, бес баламды саған да жоқ, әке-шешеңе де жоқ деп, өз баламмен өзімді бопсалап осындай қылмысқа итермеледі жәнеде өте адам төзгісіз ар-намысыма тиді. Сондықтан мен сол уақытқа дейін отбасымды толықтай сақтап қалуға әрекеттер жасадым,-деді Сұлтан Сәрсемалиев.
Күйе жаға айтылған сөздің астарында күйікті сыр жатары да белгілі. Қалай десек те 4 адамды жер жастандырған күдіктіге судья жеңілдік бермек емес.
-Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органымен сотталушы Сарсемалиевке асалы санаттағы айыпталып сотқа берілген. Аталған қылмысты-іс Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың соттығына жатады. Іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға әкеп соқтыратын мән-жайлар анықталған жоқ. Сотталушыға айыпталу әдісінің көшірмесі әлі табыс етілген, қолхат іске тіркелген. Жәбірленушіге айыптау актісі көшірмесін табыс ету мемлекеттік айыпталушыға жүктелді,- деді облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы.
Төрт адамды шіміркпестен өлтіріп, шетелге қашып кеткен күдікті жазадан жалтармайтынын жеткізді. Ал соттың келесі отырыс 28 мамырға жоспарланған.
А.Нәби
ФОТО: Ашық дереккөз



